АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Рим Папасымен кездесті

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Италия мен Ватиканға сапарын бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Фото: @Vatican Media

Бүгін Апостол сарайы ғимаратында Марко Рубио мен Лев XIV арасында кездесу өтіп жатыр.

Шетелдік басылымдардың жазуынша, бұл — олардың 2025 жылғы мамырдағы кездесуден кейінгі екінші жеке сұхбаты.

Тараптар діни еркіндік пен христиандардың жағдайын, Таяу Шығыстағы ахуалды, соның ішінде Иран айналасындағы соғысты, Куба еліне гуманитарлық көмекті және Батыс жартышардағы ортақ мүдделерді ашық талқылағаны айтылды.

Сапар Ватикан мен Ақ үй арасындағы шиеленіс аясында өтіп жатыр. Бұған дейін Дональд Трамп Папаның Иранға қатысты ұстанымын сынға алған болатын. Соған қарамастан, Рубио бұл сапар алдын ала жоспарланғанын және «татуластыру миссиясы» емес екенін атап өтті.

АҚШ мемлекеттік хатшысының сапары аясында Джорджа Мелони және Италия сыртқы істер министрі Антонио Таянимен кездесуі жоспарланған.