АҚШ мұнай өндіруден Ресей мен Сауд Арабиясын алғаш рет басып озды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша АҚШ Ресей мен Сауд Арабиясын мұнай өндіру бойынша басып озды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Атап айтқанда, АҚШ ағымдағы жыдың алғашқы тоқсанында тәулігіне 11 млн баррель мұнай өндірген. Салыстырмалы түрде алғанда Ресейдің тәуліктік мұнай өндірісі шамамен 10,53 млн баррель, ал Сауд Арабиясының мұнайы 9,45 млн баррельді құрайды. Bank of America сарапшыларының сөзіне қарағанда, АҚШ сланцты газ кен орындарын белсенді түрде игеру есебінен мұнай өндіруді арттырып отыр.

«Америка ендігіде мұнай мен газды өндіретін әлемдік көшбасшыға айналды. Энерготасымалдаушылар бағасының төмендігі америкалық экономиканың басымдығы болып табылады», - делінген агенттік хабарламасында.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, АҚШ-тың Техас пен Солтүстік Дакоте қайраңдарындағы мұнай өндірісі де айтарлықтай артқан. Бұл негізінен жақпарлы жыныстардағы мұнайды жоғары қысыммен алу технологиясының есебінен туып отыр.

Тоқтала кететін жайт, АҚШ мұнайды өндірумен қатар, әлемдегі оны ең көп тұтынатын ел болып қалуда. Мәселен АҚШ энергетика министрлігінің сәуір айындағы мәліметіне қарағанда, мұнай импорты күніне орташа алғанда 7,5 млн баррельді құраған. Ал Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша АҚШ-та мұнай өндіру көрсеткіші 2019 жылға қарай күніне 13,1 млн. баррельге жетуі мүмкін.