АҚШ өкілдері Қазақстанның әйел құқығын қорғау бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 16 наурызда БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 66-шы сессиясының жұмысына қатысқан қазақстандық делегацияның сапары барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Вашингтонға ресми сапармен барды.

Сапар аясында Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі АҚШ Мемлекеттік хатшысы кеңсесінің аға өңірлік директоры Бэт Смитпен, USAID Әкімшілігі Кеңсесінің гендерлік мәселелер жөніндегі аға үйлестірушісі Джамиль Биджио, Дүниежүзілік банктің гендерлік мәселелер жөніндегі Жаһандық директоры Хана Бриксимен және IFC Гендерлік мәселелер және экономикалық инклюзивтілік жөніндегі топтың басшысы Генриетта Колбпен кездесулер өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясына сілтеме жасап.

Америкалық әріптестерге Қазақстандағы әйелдердің құқықтарын күшейту саласындағы прогрестің және олардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамалардың негізгі аспектілері жеткізілді .

Тараптар өңірлік әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары мен отбасын қолдау орталықтарын дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Әйелдерге арналған білім беру бағдарламалары саласында өзара іс-қимыл жасау және әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою мәселелері бойынша диалогты күшейту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Америкалық тарап Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін күшейту саласында стратегиялық әріптестікті жалғастыру ниетін растады.

Сонымен қатар осы жылдың 17 наурызында БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 66-сессиясының жұмысы шеңберінде Ұлттық комиссия Түркі мемлекеттері ұйымының Кәсіпкер әйелдер комитетімен әріптестікте Қазақстандағы «БҰҰ-Əйелдер» құрылымының қолдауымен «Әйелдердің тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы экологиялық бастамалары» атты іс-шара өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов, БҰҰ-Əйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі үйлестірушісі Мерал Гузель, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Венгрия өкілдері қатысты.

Лаззат Рамазанова кездесуде атап өткендей, Қазақстан климаттың өзгеруі саласындағы жаһандық күн тәртібін іске асыруда. Елімізде үш жүзге жуық үкіметтік емес ұйымдар гендерлік проблемалармен, соның ішінде экология мәселелерімен айналысады. Ауылдағы әйелдердің жүзеге асырып жатқан жобалары, атап айтқанда, экологиялық қауіпсіз ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру бойынша жобалары белсенді қолдау табуда.

Сондай-ақ, Лаззат Рамазанова қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және сақтау бойынша жаһандық міндеттерге қол жеткізуде елдер күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.

Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссияның 66 сессиясында қабылданған шешімдер басты мақсатқа – экологиялық мәдениетті арттыратын, табиғатқа ұқыпты қарауға және «жасыл экономиканы» дамытуға ықпал ететін шешімдер қабылдауға әйелдердің мәнді және тиімді қатысуын қамтамасыз етуге себепші болады деп үміттенемін», - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

Бұдан басқа, Нью-Йоркте Ұлттық комиссия төрағасы БҰҰ-Əйелдер құрылымының Атқарушы директоры Сима Бахуспен стратегиялық серіктестік және Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жобаларын іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.