Дауыс беру нәтижесі Конгресте соғысқа қатысты алаңдаушылықтың күшейіп, заң шығарушылардың өз бақылау өкілетін белсендірек жүзеге асыруға ұмтылып отырғанын көрсетті.
Қарар Өкілдер палатасында 214 депутаттың қолдауымен қабылданып, 208 депутат қарсы дауыс берді. Құжаттың заңдық күші болмаса да, ол заң шығарушылардың президент Трамптың соғысқа қатысты шешіміне символикалық түрде қарсылық білдіргенін аңғартады. Бұл — Өкілдер палатасы соғыс басталғалы бері қабылдаған екінші қарар.
Бұл шараны мақұлдау үшін демократтарға төрт республикашыл: Мичиганнан Том Барретт, Пенсильваниядан Брайан Фицпатрик, Огайодан — Уоррен Дэвидсон және Кентуккиден Томас Мэсси қосылды.
Өкілдер палатасындағы дауыс беруден кейін көп ұзамай Сенаттағы демократтар да соғыс өкілетіне қатысты өз қарарын қабылдатуға әрекеттенді. Алайда құжат жеткілікті қолдау таппай, 47 депутат қолдап, 49-ы қарсы дауыс берді.
Дауыс беру Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс күшейген кезеңде өтті. Ақпан айында қақтығыс басталғалы бері 18 америкалық әскери қызметкер қаза тапқан. Пентагонның мәліметінше, шамамен 500 америкалық әскери жарақат алған.
Осыған дейін Иранның осы айдағы әуе шабуылдарынан америкалық қанша сарбаз жарақат алғанын жаздық.