Бірнеше ел стратегиялық маңызды бұғазда кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін коалиция құру туралы келісімге келді, деп хабарлайды The Wall Street Journal.
Әзірге кемелерді алып жүру операциялары соғыс қимылдары аяқталғанға дейін, әлде кейін басталатыны белгісіз. Бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр.
Көп ел осыған байланысты тәуекелдерді ескере отырып, соғыс қимылдары тоқтатылғанға дейін мұндай миссияға қатысуға ашық түрде міндеттеме алудан бас тартып отыр. Сондықтан әлеуетті коалиция мүшелерінің құрамы туралы ақпарат жарияланбады.
Осы арада Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арагчи Ормуз бұғазы американдық және одақтастардың кемелерін қоспағанда, халықаралық кеме қатынасы үшін ашық екенін айтты.
Иранның бас дипломаты Al-Araby Al-Jadeed басылымына берген сұхбатында Тегеран бұғазды жаппағанын және оның халықаралық тасымалдар үшін жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Осылайша ол Иран АҚШ пен Израильге қатысы бар кемелер үшін бұғазды жапты деген хабарламаларға түсініктеме берді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары және төтенше көмек үйлестірушісі Том Флетчер Ормуз бұғазы арқылы гуманитарлық жүктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге шақырды.