АҚШ Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығарды — Трамп

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, америкалық тарап Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығарған. Бұл көрсеткіш Иранмен қақтығыс басталғанға дейінгі деңгейден де асып түскен, – деп хабарлайды Ақ үйдің баспасөз қызметі.

Фото: dynamo.kiev.ua

— Өткен түні Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығардық. Бұл соғысқа дейінгі көрсеткіштен де жоғары, — деді Трамп журналистерге.

АҚШ президенті қазіргі мұнай бағасы өзінің алдындағы президент Джо Байденнің билігі кезіндегіден төмен екенін айтты. Оның сөзінше, қақтығыс аяқталып, мұнайға деген сұраныс азайғаннан кейін оның бағасы одан әрі төмендеуі мүмкін.

Трамп кетер алдында журналистердің сауалдарына жауап бермей, баспасөз өкілдеріне қысқаша мәлімдеме жасаумен шектелді. Ол мұнай нарығындағы жағдаймен қатар, жұмыссыздық деңгейі мен АҚШ экономикасының ахуалы туралы да сөз қозғады.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Иранның Ормуз бұғазын ашу туралы ұсынысын қабылдамаған еді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның АҚШ-пен келіссөзге де, жаңа қақтығысқа да дайын екенін мәлімдеген еді.

Бұдан бөлек, Тегеранның Ормуз бұғазын ашуына қатысты шарттар да айтылды.