АҚШ Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына тағы да соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әскері Ормуз бұғазы арқылы өтетін азаматтық кемелерге төнетін қауіпті азайту мақсатында Ирандағы нысандарға жаңа соққылар жасай бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды DW .

Фото: U.S. CENTCOM

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 13 шілдеге қараған түні Иранға қарсы жаңа шабуылдар басталғанын хабарлады.

– Бұл операцияның мақсаты – Ормуз бұғазы арқылы кедергісіз қатынайтын азаматтық теңізшілер мен коммерциялық кемелерге Иранның шабуыл жасау мүмкіндігін одан әрі әлсірету. Жоғарғы бас қолбасшы Иран күштерін жауапкершілікке тарту үшін осы соққыларды жасау туралы бұйрық берді, – делінген CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде.

Иранның IRIB мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, жарылыстар Бендер-Аббас портының батысында, Сирик қаласы маңында, Кешм аралында және Ормуз бұғазы аймағындағы Джаск қаласында болған.

Mehr агенттігінің мәліметінше, Кешм аралындағы шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жараланған.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғанға дейін әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы өткен Ормуз бұғазы «АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін жабық күйінде қалатынын» мәлімдеді.

Алайда АҚШ әскері бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

– Иран Ормуз бұғазын бақылап отырған жоқ. Кеме қатынасы қалыпты режимде жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді CENTCOM.

Осыған ұқсас мәлімдемені 12 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп та жасады.

Иранның қарымта соққысы

12 шілдеге қараған түні АҚШ әскері Ирандағы шамамен 140 әскери нысанға, соның ішінде зымыран және дрон қоймаларына, сондай-ақ байланыс тораптарына соққы жасағанын хабарлады.

Вашингтонның мәліметінше, бұл шабуыл КСИР-дің Ормуз бұғазындағы GFS Galaxy контейнер кемесіне жасаған әрекетіне жауап болды. Ал Иран тарапы азаматтық кемеге Тегеран бекіткен бағыттан ауытқығаны үшін тек «ескерту ретінде оқ атылғанын» мәлімдеді.

12 шілдедегі АҚШ шабуылдарынан кейін Иран Парсы шығанағындағы бірнеше елге және Иорданияға соққы жасады.

КСИР-дің мәліметінше, шабуылдардың нысанасы Катардағы Әл-Удейд америкалық әуе базасы мен Иранның айтуынша АҚШ авианосецтері пайдаланатын Омандағы Дукм порты болған.

Сол күні Тегеран Ормуз бұғазында бір тәулік ішінде екінші кеменің қозғалысы тоқтатылғанын да хабарлады.

Еске сала кетсек, БҰҰ басшысы Иран мен АҚШ-ты келіссөзді шұғыл қайта бастауға шақырды.