АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, америкалық әскери күштер сейсенбі күні шығыс жағалау уақытымен сағат 17:00-де тікұшақтың атып түсірілуіне жауап ретінде соққы бере бастаған.
– Бұл операция Иранның себепсіз агрессиясына берілген теңгерімді жауап, – делінген Орталық қолбасшылықтың мәлімдемесінде.
Axios басылымы АҚШ өкіліне сілтеме жасап, америкалық әскери күштердің Иранның бірнеше әуе қорғанысы жүйесі мен радиолокациялық станциясына соққы жасағанын хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Иранның бір күн бұрын Ормуз бұғазы маңында америкалық Apache әскери тікұшағын атып түсіргенін мәлімдеген еді.
– Тамаша армиямыз кеше кешке Ормуз бұғазында патрульдік мақсатта ұшып жүрген біздің жоғары технологиялы Apache тікұшақтарымыздың бірін ирандықтардың атып түсіргені туралы жаңа ғана хабарлады. Онда екі ұшқыш болды, екеуі де аман-есен. Соған қарамастан, Америка Құрама Штаттары бұл шабуылға жауап беруі тиіс, – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
ABC News телеарнасына берген сұхбатында Трамп Иранға жасалатын жауап соққыларының «өте күшті» болатынын ескертті.
– Біз дәл қазір жауап беріп жатырмыз. Бұл – олардың біздің тікұшағымызға кеше түнде жасаған әрекетіне жауап. Мен бұл жауап өте күшті, өте қуатты болуы керек деп есептеймін және дәл сондай болып жатыр, – деді АҚШ президенті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Таяу Шығыстағы мұнай тасымалы өзгеруі мүмкін екенін жаздық. Себебі Иран төңірегіндегі соғыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы өтетін трафиктің 95%-ы қысқарып, танкердің бір рейсін сақтандыру құны 8 млн долларға дейін өсті.