АҚШ Орталық Азия елдеріне киберқауіпсіздікті дамытуға 5 миллион доллар бөлді

АСТАНА. KAZINFORM- АҚШ Орталық Азия елдерінің киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын қолдауға 5 миллион доллар көлемінде шетелдік көмек бөлді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі уақытша көмекші орынбасары Марк Кэмерон мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қаражат CRDF Global азаматтық зерттеулер мен даму қоры арқылы бөлінеді.

- Біз CRDF Global арқылы Орталық Азияның киберқауіпсіздігі мен цифрлық секторын қолдауға 5 миллион доллар көлемінде шетелдік көмек бөлдік. Біз кибергигиена деңгейін арттыруға, киберинциденттерге ден қою жүйесін жетілдіруге, аса маңызды инфрақұрылымды қорғауға, қаржы секторының қауіпсіздігін күшейтуге және киберқауіпсіздік саласындағы саясатты дамытуға жәрдемдесуді көздеп отырмыз. Бұл Орталық Азияның қауіпсіз әрі қорғалған цифрлық болашағын қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс, - деді ол Астанада өткен C5 1 SI конференциясында.

Кэмеронның айтуынша, аймақ елдеріндегі стартаптар грант түрінде қаржылық қолдау ала алады.

- Бұл қаражат стартаптарды қолдауға және жасанды интеллект жүйелерін дамытуға арналған. Қаржыландыру гранттар түрінде беріледі, өйткені біз бұл салада жетекші рөлді дәл жеке компаниялар атқарады деп есептейміз, - деді ол.

Айта кетейік, Үкімет киберқауіпсіздік ережелерін жаңартқан еді.