Орталық Азияға ойысқан назар
New Lines Institute институтының бағдарлама жетекшісі әрі сарапшысы Чарльз Уолштың пікірінше, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Орталық Азияға үлкен үміт артылған. Әсіресе Қазақстанға деген қызығушылық басым. Өйткені АҚШ алдағы жылдары Орталық Азиядағы ықпалын және ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделі. Осы мақсатта аса маңызды пайдалы қазбалар, атом энергетикасы, жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін арттыру бағытында көп ресурс жұмсап отыр.
Сарапшының айтуынша, мұны Трамп әкімшілігінің соңғы алты айда қолға алған жобаларынан анық аңғаруға болады. Мәселен, былтыр қарашада C5 1 саммитінен кейін Қазақстан мен АҚШ 17 млрд доллардан асатын ірі келісімдерге қол қойды.
– Менің ойымша, тағы бір айқын көрсеткіш – АҚШ-қа импортталатын уранның 24 пайызы Қазақстанның үлесінде. Бұл – өте жоғары деңгей, – деп бағалады Чарльз Уолш.
Оның айтуныша, АҚШ шикізат тасымалын әртараптандырғысы келсе, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық орнатуы керек. Қазір Трамп әкімшілігі жергілікті өндірісті дамытуға, стратегиялық салаларды локализациялауға ұмтылатыны күмәнсіз, алайда «America First» қағидаты сыртқы әріптестіктен бас тарту деген сөз емес. Керісінше, бұл ұстаным АҚШ-қа қажетті ресурстарға ие мемлекеттермен өзара тиімді келісімдер жасасуға түрткі болған. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азияны АҚШ өнеркәсібін стратегиялық шикізатпен қамтамасыз етуге қауқарлы серіктес деп бағалауға болады.
S7 бастамасы – жаңа экономикалық дәліз
Биыл сәуірде бір топ америкалық сарапшы Орталық Азия, Ауғанстан және Пәкістан өңірлерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Silk 7 (S7 ) бастамасын ұсынды. Оның негізгі мақсаты су, энергетикалық ресурстар тапшылығы секілді ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған. Бастама аясында Орталық Азияны Таяу Шығыс, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы нарықпен байланыстыратын жаңа сауда дәлізін дамыту жоспарланған. Егер ұсыныс сәтті жүзеге асса, ОА мемлекеттері Араб теңізі мен әлемдік нарыққа шығатын балама жолға қол жеткізбек.
Чарльз Уолштың пайымдауынша, мұндай сауда бағыты басқа халықаралық жобалармен бәсекелеспейді. Бар болғаны, қолданыстағы көлік дәліздерін толықтырады..
– Иран төңірегіндегі тұрақсыздық кезінде S7 бастамасына сұраныс артып отыр. Өйткені Таяу Шығыстағы қақтығыс дәстүрлі Солтүстік–Оңтүстік көлік бағытын пайдалануға кедергі келтіруде. Шындыққа тура қарасақ, Ирандағы жағдай алдағы уақытта тұрақсыз болып қала береді. Сондықтан S7 Орталық Азияның Иран аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарының мәселесін шешеді. Яғни сауда-саттықты қорғаудың орта және ұзақ мерзімді шешімі деп түсінген жөн, – деп атап өтті спикер.
Орталық Азия: Жаһандық көлік-логистикадағы енші
Чарльз Уолш сауда жолына қатысты АҚШ стратегиясындағы өзге бағыттар туралы да пікір білдірді. Соның ішінде ол IMEC (Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа дәлізі), Үш теңіз бастамасы (3SI), Төрт теңіз бастамасы, Орта дәліз және S7 бастамасы секілді жобаларды жеке-дара қарастыруға қарсы. Айтуынша, АҚШ үшін барлық бағыт бірін-бірі толықтыратын тұтас жүйе қатарында. Олардың ортақ мақсаты – әлемдік сауда мен жеткізу тізбектеріне балама жаһандық логистикалық жүйе қалыптастыру. Бастысы, Қытай, Ресей, Иран бақылауындағы бағыттарға тәуелділікті азайтуды мақсат тұтады.
Оған қоса жаңа көлік инфрақұрылымын дамыту халықаралық сауданың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, АҚШ пен оның серіктестерінің стратегиялық ұстанымын нығайтуға жәрдемдеседі деген болжам бар.
– Менің ойымша, АҚШ-тың басты саясаты – стратегиялық мүддесі бар елдермен берік сауда-экономикалық байланыс орнату. Пайымдауымша, Орталық Азия мен Таяу Шығыс осындай стратегиялық маңызы бар өңірдің санатына жатады, – деп толықтырды Чарльз Уолш.
Демек жаһандық көлік бағыттарын қалыптастыруды Орта дәлізсіз елестету мүмкін емес. Қазір аталған бағыт Орталық Азиядағы негізгі көлік торабының біріне айналып отыр. Өйткені өңір энергетикалық ресурс пен стратегиялық маңызы жоғары пайдалы қазбаның мол қорына ие. Сонымен қатар аймақ Еуропа, Таяу Шығыс, Азия елдерін байланыстырып отыр.
Қазақстан – АҚШ-тың стратегиялық серіктесі
АҚШ Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанмен етене жақын. Бұған Қазақстанның Бейбітшілік кеңесі, Pax Silica секілді халықаралық бастамаға қатысуы, G20 кездесуіне шақырту алуы дәлел бола алады.
Чарльз Уолштың болжамынша, екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдету үшін тағы бір қадам жасау қажет. Ол – Қазақстанға қатысты Джексон–Вэник түзетуінің (АҚШ-тың «Сауда туралы» заңындағы бап) күшін жою.
– АҚШ тарапынан Джексон–Вэник түзетуінде көзделген Қазақстанға қатысты санкциялардан бас тартуымыз қажет. Заң шығарушы органдар бұл санкцияларды жоюға ықылас танытып отырғанын естідім. Шынымды айтсам, мұның уақыты әлдеқашан жетті. Қазақстан қажетті талаптарды орындап отыр. Сондықтан біз қарым-қатынасты одан әрі дамытуға және инвестиция салуға қадам жасауымыз керек, – деді АҚШ сарапшысы.
Саяси реформа және инвестициялық ахуал
Америкалық сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды оң бағалайды. Алайда өзгерістердің тиімділігі реформалардың қаншалықты сапалы жүзеге асатынына байланысты деген ойда. Сарапшылардың сөзінше, ел билігі саяси толқуға жол бермей, мемлекеттік жүйені жаңғыртуға ұмтылып келеді. Ал ішкі тұрақтылық елдің сыртқы саясаты мен инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ете білді.
Мысалы, Қазақстанның халықаралық серіктестері Құрылтай сайлауын елдегі саяси жүйенің тұрақтылығын көрсететін маңызды кезең ретінде қабылдаған болатын. Тіпті АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Парсы шығанағы және Еуропалық Одақ елдері Қазақстанды энергетика, көлік-логистика, инвестиция салаларындағы маңызды серіктес санайтынын жеткізген.
Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұзақ мерзімді ынтымақтастық тек табиғи ресурс қорымен өлшенбейді. Елде тұрақты мемлекеттік институттың қалыптасуы қажет. Егер жаңа Парламент тиімді жұмыс істейтін заң шығарушы орган ретінде қалыптасса, Қазақстанның халықаралық имиджі нығая түспек.
– Бизнес тұрғысынан алғанда, сот жүйесінің тәуелсіздігі, саяси институттардың тиімділігі, инвесторлардың құқығын қорғау кепілдігі негізгі фактор екені анық. Егер реформалар сот жүйесінің әділдігі мен меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етсе, Қазақстандағы АҚШ инвесторларының саны артады, – деп түйіндеді Чарльз Уолш.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан – АҚШ-тың өңірдегі негізгі стратегиялық серіктесі, ал Орталық Азия – Вашингтонның жаңа геоэкономикалық кеңістігіндегі маңызды аймақ. Себебі АҚШ жаһандық сауда мен логистиканың жаңа жүйесін қалыптастыруға ұмтылып отыр.
Бұл стратегия аясында Орталық Азия, әсіресе Қазақстан орасан маңызға ие болатыны белгілі. Өйткені еліміз стратегиялық ресурстарды жеткізушісі, ірі көлік-логистикалық торап иесі саналады. Ал S7 , Four Seas, IMEC, Middle Corridor бастамаларына белсенді қатысуы ұтымды келісімдер жасауға септесуі ықтимал.
Бұған дейін Қазақстан АҚШ туристері үшін қауіп деңгейі төмен елдер қатарына енгенін жаздық.