'АҚШ өзге елдердің ішкі ісіне килігуін қойса, әлем әлдеқайда жақсара түсер еді» - Сирия президенті Башар Асад

ӘБУ-ДАБИ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сирия Президенті Башар Асад шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді араласуды жалғастыруда. Тамызда Сирия басшысы Ресейдің «Известия» газетіне, қыркүйекте Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасына сұхбат берді.

Осы жолы Б.Асадпен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне Венесуэланың «Телесур» телеарнасының тілшісі ие болды. Латынамерикандық журналистпен сұхбаттасу кезінде Сирия басшысы химиялық қаруды жою міндетін орындаған күннің өзінде АҚШ-тан елге деген қауіп бар деп мәлімдеді.

Башар Асад тағы да лаңкестерді химиялық қару қолданғаны үшін айыптады. Ол Сирия билігінің көтеріліске қатысушылардан осы улы заттар шығарылған лабораториялар мен әскери химиялық зат салынған капсулаларды тапқанын айтты. «Мұның бәрі химиялық шабуылға лаңкестер жауапты екенін дәлелдейді», - деді Б.Асад.

Сирия басшысы сұхбатында кенеттен АҚШ саясатын сынға алды. Оның сөзіне қарағанда, «АҚШ өзге елдердің ішкі саясатына килігуді қойғанда, әлем жақсара түсетін еді».

Сирия Президенті Б.Асад: «Нақты фактілерге тоқталайықшы. АҚШ-тың басып кіруінен Ирактағы жағдай түзелді ме? Ауғанстан, Тунис, Ливия, Сириядағы жағдай дұрысталды ма? Қай елдің жағдайы түзелді? Оңтүстік Америкадағы жағдайға қараңыз. Шындығында, Америка Құрама Штаттары араласуды қойғанда әлемдегі жағдай түзеледі. Б.Обама өз сөзінде «Біз бүкіл әлемнің мәселелерін шеше алмаймыз» деген болатын. Менің де айтарым сол - әлемдік мәселелерді АҚШ шешпей-ақ қойсын».

Б.Асад: «Бізде елімізге қарсы астыртын ойластырылған ауқымды қастандыққа қарсы тұрудан, өз ұстанымдарымыз бен мүдделерімізді, халқымызды қорғаудан басқа амалымыз жоқ», - деп қосты.