АҚШ өзінің қаржылық мiндеттемелерiне дефолт жариялауы мүмкін

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Құрама Штаттар 2 тамызда өзінің қаржылық мiндеттемелерiне дефолт жариялауы мүмкін.

Әлемдегі алпауыт елдің бүгінгі хал-ахуалы барша инвесторларды неге мазалап отырғанын түсіндіріп жатудың өзі артық. Вашингтонның кез келген жаңалығын, сонымен бірге ел президенті Барак Обаманың аузынан шыққан әрбір сөзді бүкіл әлем мұқият бағып отырғаны, міне сондықтан. АҚШ конгресі 2 тамызға дейін мемлекеттік қарыздың шегін арттыру мәселесі бойынша Ақ үймен міндетті түрде тіл табысуы тиіс (қазiрдің өзінде ол 14,3 триллион долларға жеттi), олай болмаған жағдайда қарыздық міндеттемелер бойынша Құрама Штаттардың техникалық дефолтқа ұшырағаны жарияланады.

Америкалық дефолт Жаңа әлем шегінде бөгелiп қалмақ емес, тізбекті реакция әлемнiң басқа аймақтарына тарап, қаржы нарықтары нағыз «зілзаланы» бастан өткереді. Кез келген жинақ түбегейлі тәуекел жасауға мәжбүр, ал кредит беру толығымен тоқтатылады.