Сенбі күні АҚШ-тың көшелеріне он мыңдаған адам шығып, ел президенті Дональд Трамп саясатына қарсы наразылық білдірді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «No Kings» ұранымен өткен 3300-ден астам акцияға барлығы шамамен 8 миллион адам қатысқан. Ереуіл кезінде тәртіп бұзушылықтар тіркелмеген.
Ұйымдастырушы азаматтық бастамалар коалициясы Дональд Трампты демократиялық институттарға нұқсан келтіріп, билікті шамадан тыс шоғырландырды деп айыптайды. Сондай-ақ шеруге шыққандар АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және иммиграциялық саясатты қатайтуына наразылықтарын білдірді.
Наразылық акцияларын өткізуге өтініштер АҚШ-тың барлық 50 штатында берілді, бірақ бұқаралық ақпарат құралдары Миннесота штатын қаңтарда Трамп пен иммиграциялық билікке қарсы жаппай наразылық толқыны басталған басты нүктелердің бірі ретінде көрсетті. Қоғамдық наразылық полицей қызметкерлерінің екі американдықты өлтіруінен кейін туындады, олардың әрекеттері мен құзыреті АҚШ-та кеңінен сынға алынды.
Акцияға қатысқандардың мәліметінше, ереуілдер бейбіт түрде өтіп, тәртіп бұзушылықтар тіркелмеген. Бұл шаралар АҚШ-тың саясатына, соның ішінде миграция, сыртқы саясат және азаматтық бостандықтарды нығайту мәселелеріне қарсы наразылық білдіру мақсатында ұйымдастырылған.
АҚШ-тағы ереуіл өзге мемлекеттерде де ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Париж, Лондон және Лиссабон сияқты Еуропа қалаларында халық акцияға үн қосты. Шеруде Трампты «фашист әрі әскери қылмыскер» деп атаған плакаттар көрінді, деп жазады BBC. Шеруге шыққандар президентке импичмент жариялауды талап етті.
Мұндай наразылық Германияның Берлин, Гамбург, Мюнхен, Майндағы Франкфурт және Дюссельдорф сияқты ірі қалаларда өтті. Берлинде бірнеше жүздеген адам АҚШ иммиграциялық қызметінің әрекетіне наразылық білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп «Еуропа елдері АҚШ-қа жәрдемдеспесе, НАТО-ның болашағы бұлыңғыр» деп мәлімдеген еді.