АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер басталып, үзіліс жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM - Тараптар жаңа бастамаларды талқылауға дайын екендерін аңғартқанымен, негізгі мәселелер бойынша әлі де нақты қадам жасалмады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі хабарлады.
Женева қаласында Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты АҚШ пен Иран арасындағы жанама келіссөздердің кезекті кезеңі басталды. Кездесу Оман сұлтандығының арағайындығымен, Женева көлінің жағасындағы омандық дипломатиялық резиденция аумағында өтіп жатыр.
Иранның Tasnim агенттігі мен мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, консультациялар басталғаннан кейін үш сағат өткен соң тараптар кеңесу үшін үзіліс жариялаған. Халықаралық ақпарат құралдары америкалық делегация мінуі мүмкін кортеждің Оман резиденциясы аумағынан шығып кеткенін хабарлады.
Келіссөздерге арағайындық жасап отырған Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди үзіліс жасалғанын растады әрі келіссөздердің барысын оң бағалады.
Оның айтуынша, талқылаулар нәтижелі әрі тұрақты кепілдік негізінде әділ келісімге келу жолындағы шығармашылық шешімге ашық жағдайда өтіп жатыр.
Келіссөздер қарсаңында Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф және АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен жеке кездесу өткізді.
Оман СІМ мәліметінше, тараптар Иранның ұсыныстарын, сондай-ақ америкалық келіссөз тобының сауалдары мен ұстанымдарын талқылаған.
Иран тарапынан Женеваға сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келді. Ал Иран Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Али Шамхани келісімге дереу қол жеткізуге толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, егер келіссөздердің өзегі Иранның ядролық қару жасамау мәселесімен шектелсе, ортақ мәміле қол созым жерде.
Бұл келіссөздер Вашингтонның Таяу Шығыстағы әскер санын арттырып, қысымды күшейткен тұсында мәселені дипломатиялық реттеуге берілген соңғы мүмкіндіктердің бірі ретінде бағаланып отыр.
Консультациялар қайта жалғасқаннан кейін тараптар ықтимал келісімнің параметрлері мен оның орындалуына берілетін кепілдіктерді талқылауды жалғастырмақ.
Бұған дейін Иран мен АҚШ 26 ақпанда Женева қаласында келіссөздердің үшінші кезеңін өткізетіні туралы хабарлаған болатынбыз.