АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастап, елдегі әскери нысандарға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен басқару орталықтарына соққы жасады. Алты ай ішінде Иранның жоғары басшылығы мен әскери қолбасшылығының өкілдері қаза тауып, қорғаныс және ядролық өнеркәсіп кәсіпорындары зақымданды.
Басында Дональд Трамп операция 4-5 аптадан аспайтынын мәлімдеген еді. Оның негізгі мақсаттары Иранның зымыран және ядролық әлеуетін жою, Тегеран қолдайтын одақтас құрылымдардың қызметін тоқтату және АҚШ-тың Таяу Шығыстағы серіктестерін қорғау деп аталды.
Арада алты ай өткенде АҚШ пен Израиль күштері айтарлықтай тактикалық нәтижелерге қол жеткізгенімен, Иранды берілуге мәжбүрлей алған жоқ. Тегеран басқару жүйесін, жауап соққыларын жасау мүмкіндігін және қысым көрсетудің негізгі тетігі болып отырған Ормуз бұғазына бақылауын сақтап қалды.
Иранның ядролық бағдарламасының тағдыры әлі белгісіз
Иран қарулы күштері үлкен шығынға ұшырады. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының мәліметінше, америкалық күштер Иранның 161 әскери кемесін жойып, елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің 82 пайызын істен шығарған.
Сондай-ақ зымыран қондырғыларына, ұшқышсыз аппараттар шығаратын кәсіпорындарға, басқару орталықтары мен байланыс жүйелеріне соққы жасалды. Иранның әскери авиациясы іс жүзінде операцияларын тоқтатты.
Алайда Тегеран соғысты жалғастыру мүмкіндігінен айырылған жоқ. Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Иранның зымыран арсеналының шамамен үштен бірінің жойылғанын ғана растай алған. Соған қарамастан Иранда баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар сақталған және ел кемелер мен аймақтағы америкалық нысандарға шабуыл жасауды жалғастырып отыр.
Қазір Иранның ядролық бағдарламасының тағдыры да белгісіз күйінде қалып отыр. Соққылар уран байытатын үш белгілі нысанға елеулі зиян келтірді. Алайда МАГАТЭ әзірге байыту деңгейі 60 пайызға жеткен шамамен 440 келі уранның қай жерде екенін анықтай алмай отыр.
АҚШ барлау қызметінің бағалауынша, АҚШ пен Израильдің соққылары Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін айтарлықтай кейінге шегерді. Алайда бағдарламаның түпкілікті тоқтатылуына кепілдік берілген жоқ. Ал Тегеран атом бомбасын жасау ниеті барын әлі де жоққа шығарып келеді.
«Ормуз бұғазы» – Иранның басты қаруы
Иранның ең маңызды жауаптарының бірі – соғысқа дейін әлемдегі энергетикалық ресурстардың шамамен бестен бірі тасымалданған Ормуз бұғазы арқылы кемелердің жүруіне шектеу қоюы болды.
Кемелерге жасалған шабуылдар мен олардан Иран мақұлдаған бағыттар бойынша жүруді талап ету мұнай бағасының, сақтандыру мен теңіз тасымалы құнының өсуіне алып келді. Тегеран өзінің географиялық орналасуын АҚШ-қа ғана емес, бүкіл әлем экономикасына қысым жасау құралына айналдырды.
Бастапқыда еркін кеме қатынасын қалпына келтіру АҚШ операциясының негізгі мақсаттарының қатарында болған жоқ. Арада алты ай өткенде Ормуз бұғазын ашу Вашингтонның басты талаптарының біріне айналды.
АҚШ Ираннан кемелер қозғалысына бақылау орнатудан бас тартуды талап етіп отыр. Ал Тегеран өз порттарына салынған блокаданы алып тастауды талап етіп, қысым көрсетудің ең тиімді құралынан айырылуға дайын емес.
Бұғазға қатысты келіспеушіліктер маусымдағы бітімнің сәтсіздікке ұшырауының себептерінің біріне айналды. АҚШ Иран кемелердің бұғаз арқылы кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге міндеттенді деп есептеді. Алайда Тегеран бұғаз арқылы өтетін кемелерден өзі белгілеген тәртіпті сақтауды талап етуді жалғастырды.
Жаңа оқиғалардан кейін Дональд Трамп 8 шілдеде бітімнің бұзылғанын мәлімдеді.
Вашингтон әскери соққыдан экономикалық қысымға көшті
Алты айға созылған әскери қимылдар қалаған нәтижеге жеткізбегеннен кейін Вашингтон стратегиясын өзгертуге шешім қабылдады. АҚШ әзірге жаңа ауқымды әуе науқанын жоспарлап отырған жоқ. Оның орнына мұнай кірістеріне, банктерге және Иранның сауда серіктестеріне басымдық беріп отыр.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Иран экономикасының жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беретін қаржы арналарының жолын кесу ниеті барын мәлімдеді. Жаңа шаралар Иран мұнайын сатып алатын немесе Тегеранға санкцияларды айналып өтуге көмектесетін мемлекеттер мен компанияларға қысым жасауды көздейді.
Негізгі кедергі – Иранның Қытай, Үндістан және басқа да ірі серіктестерімен ынтымақтастығы. Нәтижеге қол жеткізу үшін Вашингтон шетелдік банктер мен компанияларға қатысты қайталама санкцияларды қатаң қолдануға мәжбүр болады. Бұл ретте ірі экономикалармен қарым-қатынастың нашарлау қаупі бар.
Иран шектеулерге ондаған жыл бойы бейімделіп келді және «барынша қысым» көрсетуге бағытталған бірнеше науқанды бастан өткерді. Шын мәнінде санкциялар елге қосымша зиян келтіруі мүмкін. Алайда олардың Ислам Республикасы басшылығын саяси бағытын өзгертуге мәжбүрлейтіні әзірге белгісіз.
Қысымның күшеюі Тегеранды аймақтағы кеме қатынасына, порттар мен энергетикалық инфрақұрылымға қарсы жаңа шабуылдарға итермелеуі де мүмкін.
Мұндай тактика ауқымды эскалацияға жол бермей, АҚШ пен Парсы шығанағы елдері үшін қақтығыстың құнын арттыруы ықтимал.
Экономикалық дағдарыс және наразылық қаупі
Шілдеде Ирандағы жылдық инфляция 66 пайызға жетті, тұтыну бағалары 87,9 пайызға өсті, ал азық-түлік былтырғы жылмен салыстырғанда 128 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Иранның Статистика орталығының мәліметтерінде айтылған.
Президент Масуд Пезешкиан кірістің қысқаруы аясында Ирандағы проблемалардың бірнеше есе күшейгенін мойындады. Өз кезегінде бағаның өсуі мен халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі жаңа жаппай наразылықтардың туындау қаупін арттырып отыр. Алайда экономикалық қиындықтар әзірге басқару жүйесінің ыдырауына алып келген жоқ. Сырттан жасалған соққылар ішкі қайшылықтарды екінші орынға ысырып, билікке қоғамға бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
Соғыстың құны
Ұзаққа созылған қақтығыс америкалық ресурстарды да сарқып барады. Алты ай ішінде АҚШ-тың 18 әскери қызметшісі қаза тауып, 750-ден астамы жараланды. Шілдеде Пентагон басшысы Иранмен соғысқа осы уақытқа дейін 37,5 млрд доллар жұмсалғанын мәлімдеді. Вашингтон сондай-ақ Patriot және THAAD кешендеріне арналған зымыран қорының едәуір бөлігін пайдаланды.
Операцияны қолдау үшін Пентагон Таяу Шығысқа басқа бағыттардан әскери кемелер, авиация және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін қайта орналастырды. Мұндай қадамдар АҚШ-тың Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағында туындауы мүмкін дағдарыстарға дайындығына қатысты сұрақтар туғыза бастады.
Соғыс АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базаларының осалдығын да көрсетті. Олардың көпшілігі баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар қолданылатын ұзаққа созылған шабуылдарға төтеп беруге есептелмеген.
Сонымен қатар қақтығыс Трамп үшін ішкі саяси тәуекелдер де туғызуда. Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, соғыс басталғалы бері оның жұмысына берілген қолдау деңгейі 40 пайыздан 33 пайызға дейін төмендеген. Ал америкалықтардың 31 пайызы ғана әскери операцияны қолдайды. Жанармай бағасының өсуі Конгресстегі аралық сайлау қарсаңында республикашылдардың позициясына әсер етуі мүмкін.
Парсы шығанағындағы монархиялар да қақтығыстың ұзаққа созылуына алаңдаулы. Олар әскери қимылдардың тоқтағанына мүдделі. Алайда Иранға Ормуз бұғазындағы ықпалын сақтауға мүмкіндік беретін және соғыстың нәтижесін Тегеранның өз жеңісі ретінде көрсетуіне жол ашатын келісімді қаламайды.
Келіссөздер тығырықта
Қазір АҚШ пен Иран арасында тікелей келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Вашингтон блокада мен экономикалық жағдайдың нашарлауы Тегеранды шегінуге мәжбүр етеді деп есептейді. Ал Иран басшылығы АҚШ-тағы ішкі қысым мен қарашадағы аралық сайлаудың жақындауы Трампты қақтығыстан шығатын жолды бірінші болып іздеуге мәжбүр етеді деп санайды.
АҚШ Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қамтамасыз етуді, Иранның ядролық және зымыран бағдарламаларына шектеу қоюды және америкалық нысандарға жасалған шабуылдарды тоқтатуды талап етіп отыр. Ал Тегеран блокаданы және санкцияларды алып тастауды, шетелдегі активтерін бұғаттан шығаруды және қауіпсіздік кепілдіктерін беруді көздейді.
Қақтығысты реттеу перспективасы әзірге белгісіз. Батыс БАҚ-тарына пікір білдірген сарапшылар қақтығыс оқтын-оқтын жасалатын соққылар мен кеме қатынасына қарсы шабуылдардан тұратын ұзаққа созылған тоздыру соғысына ұласуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Егер АҚШ-тың жаңа экономикалық стратегиясы Тегеранды шегінуге мәжбүрлей алмаса, ауқымды әскери қимылдардың қайта басталуы да ықтимал.
Дипломатиялық жолмен шешу үшін Ормуз бұғазы, америкалық блокада және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ымыраға келу қажет болады. Алайда екі тарап та әзірге одан әрі қысым көрсету арқылы ықтимал келіссөздерде өздеріне тиімді шарттарға қол жеткізуге болады деп есептейді.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыста оқиғалар бұдан әрі қалай өрбуі мүмкін – осы материалдан оқыңыз.