Бұл туралы америкалық Axios платформасы АҚШ-тың екі шенеунігіне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, америкалық және ирандық келіссөз жүргізушілері 60 күндік бітімді ұзарту және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді бастау жөніндегі келісім мәтінін келіскен. Дегенмен президент Дональд Трамп әзірге құжатқа соңғы келісімін бермеген.
АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, келісім мәтіні сейсенбі күні мақұлданған, ал екі елдің басшылығы келіссөз барысын талқылаған.
Сондай-ақ америкалық тарап Иран кейіннен «келісімге қол қоюға дайын екенін» жеткізді деп мәлімдеген. Алайда бұл ақпаратты Иран ресми түрде растаған жоқ.
Егер келісімге қол қойылса, Ормуз бұғазы арқылы сауда кемелерінің ешқандай шектеусіз жүруіне мүмкіндік беріледі.
Өз кезегінде АҚШ Иран порттарына енгізілген теңіз блокадасын алып тастауы мүмкін.
Әзірге АҚШ әкімшілігі бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Бұған дейін Иран Оманмен Ормуз бұғазын басқарудың жаңа тәсілі жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын жазған едік.