АҚШ пен Израиль Иранға жасалып жатқан шабуылға қатысты консенсусқа жақындады
АСТАНА.KAZINFORM – АҚШ пен Израиль Биньямин Нетаньяху мен Джо Байденнің сәрсенбі күнгі телефон арқылы сөйлесуінен кейін Таяу Шығыстағы стратегиялық мәселелерге қатысты ортақ пікірге келді. Бұл туралы The Times of Israel интернет басылымына жағдаймен таныс израильдік дереккөз хабарлады.
Израильдің Иранға қарсы әрекет ету жоспары талқыланған телефон арқылы сөйлесу - АҚШ пен Израиль шенеуніктері арасындағы келіссөздердің шарықтау шегі болды, ол Тегеранның 1 қазандағы баллистикалық зымыран шабуылынан бері жалғасып келеді, дейді басылым.
Алайда Ақүй Байден мен Нетаньяхудың телефон арқылы сөлесуі туралы баяндамасында Израильдің соққы беру мүмкіндігі талқыланған-талқыланбағанын айтпады. Сондай-ақ Байденнің Израильдің қауіпсіздігіне берік ұстанымын растай отырып, «1 қазандағы Иранның Израильге шабуылын айыптады» деумен шектелді.
Дереккөз бұл келіссөздердің алдағы күндері жалғасатынын және Израиль қорғаныс министрі Йоав Галланттың келесі аптада Пентагонда АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остинмен кездесуі жоспарланғанын айтты.
Осы аптада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Галланттың Вашингтонға жоспарлаған сапарын соңғы сәтте тоқтатып, алдымен Байденмен Израильдің Иранға қарсы қандай әрекет жасайтыны туралы сөйлесуін талап етті.
Axios келтірген америкалық шенеуніктің айтуынша, Байден мен Нетаньяху әңгіме барысында «Израильдің Иранға жоспарлаған жауап соққысының ауқымын түсінуге жақындады». Сонымен бірге, басылым сілтеме жасаған израильдік шенеунік АҚШ Израильдің жоспарларын әлі де тым агрессивті деп санайтынын айтты.