АҚШ пен Израиль қайтадан Иранның мұнай-химия нысандарына соққы жасады

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ пен Израиль Иранның оңтүстігіндегі Ассалуйе ауданындағы мұнай өңдеу зауытына соққы берді. Сондай-ақ Махшехр қаласындағы арнайы мұнай-химия өнеркәсіп аймағына және Мервдешттегі мұнай-химия кешеніне шабуыл жасалғаны хабарланды.

Фото: DW

Иранның мемлекеттік Fars агенттігінің мәліметінше, 6 сәуір, дүйсенбі күні Израиль мен АҚШ Ислам Республикасының газ нысандарына, соның ішінде Парсы шығанағындағы объектілерге кезекті рет шабуыл жасаған.

Агенттік дерегіне сәйкес, жарылыстар Ассалуйедегі өнеркәсіптік аймақта орналасқан мұнай өңдеу зауыты маңында тіркелген. Бұл аймақ Иранның газ өнеркәсібінің негізгі орталығы саналады.

Осы күні Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ел әскері Ирандағы ең ірі мұнай-химия кешендерінің біріне қуатты соққы жасағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ассалуйе қаласында орналасқан бұл нысан Иранның жалпы мұнай-химия өнімінің шамамен 50 пайызын өндіреді.

«Оңтүстік Парс» кен орнына соққылар

Иранның шетелге хабар тарататын Press TV телеарнасы Израиль соққылары «Оңтүстік Парс» газ кен орнына жақын орналасқан Damavand және Jam компанияларының нысандарына бағытталғанын хабарлады. Иран мен Қатар бірлесіп игеріп жатқан бұл кен орны әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі саналады және елдегі газ жеткізілімінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Израиль наурыз айының ортасында да «Оңтүстік Парс» кен орнына соққы жасаған болатын.

Ал Al Jazeera 4 сәуір күні Израиль мен АҚШ әскери-әуе күштері Хузестан провинциясындағы Махшехр қаласындағы арнайы мұнай-химия аймағына шабуыл жасағанын хабарлаған.

AFP агенттігінің мәліметінше, сол шабуыл салдарынан бес адам қаза тапқан.

Исраэль Кац 6 сәуірдегі мәлімдемесінде осы уақытта Иранның мұнай-химия өнімдері экспортының шамамен 85 пайызын қамтамасыз ететін екі нысан істен шығарылып, жұмыс істемей тұрғанын айтқан.

Сонымен қатар, Reuters агенттігі 6 сәуір күні АҚШ пен Израиль Иранның Фарс провинциясындағы Мервдешт қаласындағы мұнай-химия кешеніне де соққы жасағанын хабарлады. Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті билікке сілтеме жасап, шабуылдан кейін шыққан өрттің ауыздықталғанын және айтарлықтай шығын туралы мәлімет жоқ екенін мәлімдеді.

Осыған дейін Иран АҚШ пен Израиль нысандарына жаңа соққылар жасағанын мәлімдеген болатын.