АҚШ пен Израиль қарулы күштері Иранға қарсы жаңа әскери операцияның жоспарын әзірледі. Операция 3 қарашада АҚШ Конгресіне сайлаудан кейін басталуы мүмкін.
The New York Times басылымының АҚШ шенеуніктері мен келіссөз барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, тараптар Иранға қарсы қысқа мерзімді, алайда қарқынды әуе шабуылдарын жүргізуге дайындықты жандандыра түскен.
Басылымның мәліметінше, әскери операция шамамен үш күнге созылуы мүмкін. Негізгі нысаналар қатарында Иранның ядролық нысандары, энергетикалық инфрақұрылымы, баллистикалық зымырандары мен дрон қоймалары бар.
Сондай-ақ «Кирка тауы» (Pickaxe Mountain) деп аталатын, жер астында терең орналасқан ядролық нысанға соққы беру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
АҚШ пен Израиль әскери күштері Иранға соққы беру кезінде қажетті маневрлерді пысықтау үшін Ирак аумағынан ұшуды қоса алғанда, бірлескен жаттығуларын күшейтті. Америкалық басылым дереккөздерінің пікірінше, жаңа ауқымды әскери операция Иран экономикасына елеулі зиян келтіріп, Тегеранды дипломатиялық келісімдерге баруға мәжбүр етуі мүмкін.
Әскери қимылдарды қайта бастауға әзірлік кезінде АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет осы аптада Израильге барып, премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен жағдайды талқылады. Кездесу 19 қазанда Негев шөліндегі Увда әуе базасында өтті.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция өткізу туралы түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. The New York Times басылымының мәліметінше, ол қазан айының соңына дейін соққы жасауға рұқсат беруі мүмкін. Сонымен қатар әскери операциядан мүлде бас тартуы да ғажап емес.
Операцияға дайындық туралы ақпарат тараған тұста Трамп Вашингтонның Иранмен қазіргі уақытта келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеп, алдағы оқиғалардың жақын арада өрбуі мүмкін екенін ескертті.