АҚШ пен Қытай президентінің кездесуі Орталық Азияға қалай әсер етеді – сарапшы пікірі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Дональд Трамп әкімшілігінің Қытаймен диалогты жүйелі жолға қоя алатынына сенім аз. Мұны АҚШ президентінің Бейжіңге жасаған сапарына қатысты пікір білдірген белді өзбекстандық саясаттанушы, «Білім керуені» ғылыми білім беру мекемесінің директоры Фарход Толипов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

– Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесуі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған қадам емес. Әлемдік держава мәртебесіне үмітті екі мемлекеттің жаһандық мәселелерді шешуге немесе нақты нәтижелерге қол жеткізуге деген ұмтылысы байқалмайды. Сондықтан бұл сапар АҚШ үшін тек прагматикалық мүддені көздейді. Оған Трамптың үлкен делегациямен барғаны анық дәлел. Бәріміз байқағандай, оның ішінде әлемдік алпауыт компаниялардың басшылары бар. Менің ойымша, миллиардерлер Қытайға қандай да бір келісім жасауға қарағанда, әлемдегі ең ықпалды кәсіпорындардың барлығы америкалық деген идеяны алға тарта отырып, үстемдік әсер қалдыру миссиясымен барды. Бұл - АҚШ ең ықпалды, әскері әлді мемлекет деген ойларды жиі қайталайтын Ақүй басшысының ұстанымына толық сай болып отыр. Тиісінше, сапар нақты нәтижеге емес, Трамптың халықаралық аренадағы мықты саясаткер образын қалыптастыруға бағытталған, - деп пікір білдірді өзбекстандық сарапшы.

Фарход Толипов атап өткендей, Дональд Трамп билікке келгелі бері ресми Вашингтонның саясаты тұрақсыз. Бұл ретте оны Қытаймен қарым-қатынас реттей алмауы мүмкін.

– Трамп билікке келген алғашқы күннен бастап тұрақсыз саясат ұстанып келеді. Сәйкесінше, қытайлық тарап оны түзеп, тиімді бағытқа бұра алмайды. Сондай-ақ, ресми Бейжің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БРИКС сияқты форматтар аясында тәуелсіз саясат жүргізеді. Ал бұл платформаларға АҚШ қатыспайды. Сондықтан Трамп әкімшілігінің Қытаймен диалогты жүйелі жолға қоя алатынына сенім аз, - деді Ф.Толипов.

Сонымен қатар саясаттанушы Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіссөздерінің Орталық Азия аймағына қандай әсері болуы мүмкін екенін айтты.

– Менің ойымша, бұл Орталық Азия елдерінің өзіне байланысты. Сарапшылар біздің аймақ туралы сөз қозғағанда, олар бұл мәселеге ірі державалардың көзқарасы тұрғысынан қарайды. Бұл жерде олар өңір мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін ескермейді. Сондықтан осы факторды басшылыққа ала отырып, жағдайды сапалы талдау маңызды. Қазіргі уақытта әлемде қалыптасқан тұрақсыздық Орталық Азия елдері арасындағы интеграцияны нығайтуға итермелейді. Бұл аймақтану процесін жеделдетуге серпін береді. АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуі Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитімен тұспа-тұс келді. Бұл кездейсоқ жайт емес. Менің ойымша, президенттер Түрікстанда осы мәлелелерді де ескерді, - деп түйіндеді Фарход Толипов.

Еске салайық, Трамп 8 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Қытайға барды. Кейін Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Бейжіңде келіссөз жүргізді.

Сапар қорытындысы бойынша Трамп Си Цзиньпинді қыркүйек айында АҚШ-қа шақырды.

Бұған дейін Бейжіңдегі жылы атмосфера астарында қандай геосаяси есеп жатқаны жайлы жазып едік.