АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы сауда келісімі жасалмауы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Дональд Трамп сәрсенбі күні Кёнджу қаласында сауда келісімін аяқтау үшін Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнмен кездеседі, деп хабарлайды ABC News.
Алайда Вашингтон мен Сеулдегі жоғары лауазымды шенеуніктер Трамптың Оңтүстік Кореяның АҚШ-қа 350 млрд доллар инвестиция салу талабы келісімге қол жеткізуге кедергі болып отырғанын айтады.
Кореялық шенеуніктердң мәлімдеуінше, тікелей ақша құю олардың экономикасын тұрақсыздандыруы мүмкін және олар несие алғанды жөн көреді.
Трамптың талабы мен Оңтүстік Кореяның ұсынысы арасындағы алшақтық екі ел президенттерінің кездесуіне көлеңке түсіру қаупін тудырады.
Оңтүстік Корея қазіргі кезде автомобильдерге 25% тариф енгізді, бұл Hyundai мен Kia компанияларын 15% тариф енгізетін жапондық және еуропалық бәсекелестерімен салыстырғанда қолайсыз жағдайға қалдырды.
Қыркүйек айында Джорджиядағы Hyundai зауытына АҚШ иммиграциялық рейді жүргізілгеннен кейін жағдай ушығып кетті. 300-ден астам оңтүстік кореялық ұсталды, бұл наразылық пен опасыздық сезімін тудырды.
Ли егер виза жүйесі жақсармаса, компаниялар болашаққа инвестиция салмайтынын хабарлады.
Қазан айының басында Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі АҚШ оңтүстіккореялық жұмысшылардың Америкадағы өнеркәсіптік нысандар құрылысына қатысу үшін қысқа мерзімді визалармен немесе визасыз бағдарлама бойынша елге кіруіне рұқсат беруге келіскенін мәлімдеді.
Трамп бейсенбі күні Оңтүстік Кореяға сапары кезінде Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинмен кездеседі деп күтіліп отыр. Вашингтон мен Бейжің шиеленісті тарқатуға дайын екенін мәлімдеді.
Трамп сонымен қатар Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен кездесу мүмкіндігін меңзеп, Кимнің оның ұсынысына әлі жауап бермегеніне көңілі қалғанын білдірді.
- Мен Ким Чен Ынмен өте жақсы тіл табыстым. Маған ол ұнады. Ол да мені ұнатты. Егер ол ынта білдірсе, Оңтүстік Кореяда кездесуімізге болады, - деді Дональд Трамп.
Сондай-ақ, Трамп Киммен сөйлесу мүмкіндігі болса, Оңтүстік Кореяға сапарын ұзартуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити екі жақты кездесуден кейін сауда және маңызды минералдар туралы екі келісімге қол қойған болатын.