АҚШ пен Ресей көшбасшыларының жеке кездесуі әзірге жоспарланбаған

Фото: Михаил Метцель/ ТАСС

МӘСКЕУ. KAZINFORM - Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады. Ол екі ел көшбасшыларының мұндай кездесу қажет екенін түсінетінін атап өтті және бұл бағыттағы қарым-қатынасты конструктивті деп атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Оның айтуынша, Ресей президенті В.Путин мен АҚШ президенті Д.Трамп кеше кешке өткен телефон арқылы сөйлесуде жеке кездесуді талқылаған жоқ, бірақ олар оның қажет екенін және тиісті деңгейде дайындалуы керек екенін жақсы түсінеді. Мұндай дайындық айтарлықтай нәтижелерге алып келіп, ал бұл нәтижелер жоғарғы деңгейде бекітілуі тиіс.

Еске салайық, 4 маусым кешкісін Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының көшбасшылары В.Путин мен Д.Трамп телефон арқылы сөйлесті.

Трамп әңгіме Иранға және ядролық қаруға қатысты мәселені шешуге уақыт азайып бара жатқандығына, шешім тез қабылдануы керек екеніне әсер еткенін хабарлады.

- Мен президент Путинге Иранның ядролық қаруы болмауы керек екенін айттым және менің ойымша, бұл мәселе бойынша бізде өзара түсіністік болды. Президент Путин Иранмен келіссөздерге қатысуды және процесті жылдамдатуға көмектесуді ұсынды. Менің ойымша, Иран осы өте маңызды мәселе бойынша шешім қабылдаумен айналысады және бізге жақын арада нақты жауап қажет болады, - деп атап өтті Трамп.