АҚШ пен Ресейдің Флоридадағы келіссөзі қалай өтті

Фото: openmedia.io

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың айтуынша, 31 қаңтарда америкалық ресми тұлғалар Ресей президентінің өкілі Кирилл Дмитриевпен өнімді әрі конструктивті кездесу өткізді, деп хабарлайды DW.

Оның мәліметінше, кездесу Флорида штатында өтті және АҚШ-тың Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған делдалдық күш-жігері аясында ұйымдастырылған.

Ол америкалық делегация құрамына өзінен бөлек АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент, АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер және Ақ үйдің аға кеңесшісі Джош Грюнбаум кіргенін атап өтті.

Кирилл Дмитриев те америкалық делегациямен өткен келіссөздерді «конструктивті» деп бағалады. Ол X әлеуметтік желісінде Флоридада сенбі күні өткен кездесуде Украина мәселесін реттеу тақырыбымен қатар Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Абу-Дабиде Украинаға қатысты екі күндік консультациялар өткен болатын.