АҚШ пен Украина делегациялары Флоридада конструктивті келіссөздер өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – 22 наурыз күні Флоридада АҚШ пен Украина делегациялары делдалдық күш-жігер аясында конструктивті кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар негізгі мәселелер шеңберін тарылтуға және оларды реттеуге назар аударып, жан-жақты бейбіт келісімге жақындау мақсатында жұмыс жүргізді. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф америкалық X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Фото: ABC News

Берілген ақпаратқа сәйкес, америкалық делегация құрамында арнайы өкіл Стив Уиткофф, Джаред Кушнер, Ақ үйдің аға кеңесшісі Джош Груенбаум және Мемлекеттік департаменттің саясат жөніндегі аға кеңесшісі Крис Карран болды.

– Біз шешілмеген мәселелерді реттеу мақсатында өзара іс-қимылды жалғастыруды құптаймыз, оның жаһандық тұрақтылық үшін маңызын мойындаймыз және бұл күш-жігерді ілгерілетудегі Ақ үйдің тұрақты көшбасшылығы үшін алғыс білдіреміз, — деп атап өтті Уиткофф.

Фото: Анадолу

Украина тарапының АҚШ-тағы келіссөздер туралы мәлімдемесі

Украина президенті Владимир Зеленский украиналық делегациясының қазіргі уақытта АҚШ-та екенін және 22 наурызда америкалық тараппен кездесу өткенін хабарлады.

– Баршамыз үшін, бүкіл әлем үшін дипломатиялық күш-жігердің жалғасуы және Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жолында жұмыс істеу маңызды. Бұл соғысты ешкім қаламайды, — деп жазды Украина басшысы Telegram әлеуметтік желісінде.

Президенттің айтуынша, тараптар келіссөздерді 23 наурыз күні жалғастырады.

– Негізгі мәселе — Ресейдің соғысты шынайы түрде тоқтатуға қаншалықты дайын екендігі және оны адал әрі лайықты түрде жүзеге асыруға әзір ме деген сұрақ. Әсіресе, Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты геосаяси шиеленіс күшейген қазіргі кезеңде бұл өзекті болып отыр. Біздің делегацияның толық есебі кейінірек ұсынылады, — деп атап өтті Зеленский.

Айта кетейік, бұған дейін Зеленский АҚШ-пен өтетін келіссөздің келесі кезеңін жариялады.