Кеше Ақордада Президент жанынан жаңадан құрылған Жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі комиссия өзінің тұңғыш отырысын өткізді. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «АҚШ президенті арнайы шақырту жіберіпті» деген тақырыппен жарық көрді. Басылымның жазуынша, жиынға төрағалық жасаған Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ Президенті Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан биылғы жылдың сәуір айында Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысуын сұрап, жеке шақырту жібергенін жариялаған. «Бұл еліміздің жоғары мәртебесі мен беделінің куәсі болып табылады!», деп атап көрсеткен Қ.Саудабаев.
Комиссияның алғашқы отырысы жайында егжей-тегжейлі жазылған мақала «Казахстанская правда» газетінде де жарық көрді. Алқалы жиын барысында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев комиссияның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басталуымен бірге еліміздің халықаралық сахнадағы жауапкершілігі артқан кезде құрылуының үлкен саяси мәні барлығын атап өткен.
«Биыл Арал теңізінің тартылуы кесірінен аңқасы кеуіп, шөл далаға айналған Қызылорда өңіріндегі қуаң жерлерді қайта қалпына келтіру қолға алынатын болды. Кеше Үкімет басшысының қатысуымен өткен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде еліміздің «бас экологы» Нұрғали Әшімов осы жаңалықты жария етті», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, министрлік елордада немістермен бірге судың сапасын бағалайтын заманауи зертхана салмақ. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Алқа мәжілісінде айтылған жайттармен «Қараусыз жатқан жерлер қалпына келтірілді» атты мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Ендігі кезекте ұлттық арман өзгерді ме? Бүгінгі таңда ұлтымыздың басын біріктіретін жалпыұлттық арман неде? «Айқын» газетінің бұл сауалдарына саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев, саясаткер Дос Көшім, заңгер Әбдіқаһар Сейітжанов, тарихшы Бақыт Еженханұлы, кәсіпкер Азат Қонысбек жауап берген.
ҚР Президенттік «Болашақ» бағдарламасының ең жас стипендиаты, Италияның Милан қаласындағы Жоғары музыка академиясының және Джузеппе Верди атындағы мемлекеттік консерваторияның ең жас студенті Мария Мудрякпен арадағы сұхбат «Нұр Астана» басылымының «Замандас» айдарында жарық көрді. «Ла Скалада әлі талай ән шырқаймын» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
«Ағымдағы жылы еліміз бойынша жүзеге асырылатын шаралар ішінде Астана өміріне тікелей қатыстыларының бірі - Азиядаға әзірлік. Ауқымды жарыс алдындағы жұмыстар Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде пысықталды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның жазуынша, Азиядаға қатысу үшін 11 спорт түрінен 156 спортшы-кандидат іріктелген. Олар бүгінде 122 халықаралық жарыста, сондай-ақ еліміздегі және шет елдердегі 177 оқу-жаттығу сайыстарында бақ сынаған. Мақала «Азиядаға әзірлік аясында» деген тақырыппен басылған.
«Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөмірінде Елорданың Сарыарқа, Есіл, Алматы аудандары әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулеріне орай мақалалар жарық көрді.
Аудан әкімдерінің халық алдындағы кезекті есептік кездесулері «Вечерняя Астана» газетінің де назарынан тыс қалмаған.
«Кеше Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде оның басшысы Нұрғали Әшімов пен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов еліміздің халық шаруашылығын дамытудағы бірқатар маңызды жобаларды белгіледі», деп жазады «Литер» газеті.
Қоқыс өңдеу, су ресурстарын тиімді пайдалану және экология мәселелері маңызды бағыттар болып саналады. Осыған орай таяу уақытта Қазақстанда «Жасыл даму» өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқарудың ұлттық орталығы құрылады. Орталықтың негізгі мақсаты - табиғатты қорғау шараларын іске асыру, қоршаған ортаны қорғау саласында кәсіпкерлік ортаны дамыту, экологиялық инновацияны ендіру, технологиялық кешендер және экологиялық жабдықтар өндіру бойынша зауыттар құру.
Осы тақырыпқа арналған мақалалар «Экспресс К», «Известия» және «Вечерняя Астана» газеттерінде де жарық көрді.
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 38,7 пайызға қысқарып, 1,69-дан 1,04 трлн. долларға төмендеген. Мұндай статистика Сауда және даму жөніндегі БҰҰ комиссиясы кеше таратқан баяндамада келтірілген.