АҚШ президенті өз әкімшілігінің басты жетістіктерін жариялады

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - АҚШ президенті Дональд Трамп жыл сайынғы «Елдің жағдайы туралы» баяндамасында ел басшысы ретіндегі бірінші жылының басты жетістіктерін атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақ үйдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Трамп өз әкімшілігінің аяқталған жылдағы басты жетістіктері ретінде республикашылдар ұсынған салық салуды төмендету туралы заң жобасын, денсаулық сақтау саласындағы реформаны, сондай-ақ ДАИШ-ке қарсы күрестегі жетістіктерді атады.

Ақ үй басшысы президенттік мерзімінің екінші жылында иммиграция және инфрақұрылым секілді өзекті мәселелер жөнінде демократтармен ымыраға келуге әзір екенін айтты.

Трамп еңбекке жегілген балаларға, сондай-ақ Америкада бұрын ұмыт болған қауымдарға адалдығы мен аянышын білдіріп, үнемі қамқор болатынын айтты.

АҚШ президенті Солтүстік Кореяның ядролық қару мәселесіндегі жауапсыздығы жуық арада Құрама Штаттарға қауіп төндіруі мүмкін екенін, алайда қазіргі әкімшілік оған жол бермеудің бар амалын қарастыратынын тілге тиек етті.

Лаңкестікке қарсы күрес жайлы айта келе, Дональд Трамп АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттиске лаңкестерге қатысты ұстау саясатын қайта қарауды және Гуантанамодағы базаны жаппауды тапсырғанын мәлімдеді.

Ақ үй басшысы екі партияны да инфрақұрылым жобалары саласында ынтымақтастық етуге шақырды.

«Біз Американың ең гүлденген кезеңіндеміз. Америка арманымен өмір сүре бастау үшін бұған дейін қолайлы кезең болған емес. Америкалықтар енді өздеріне, АҚШ-қа сеніп, қарымды еңбек етсе, қалауынша өмір сүре алады», - деді ол.

Сейсенбі күні елдің алдыңғы қатарлы тележурналистерімен сұхбат кезінде Трамп президент орынтағындағы басты ұмтылысы Америка халқының бірлігіне қол жеткізу екенін айтқан болатын.