Естай атындағы мәдениет сарайында өтіп жатқан жиынға көрнекті ғалымдар, тіл мамандары, әдебиет сыншылары қатысуда. Облыс әкімі Болат Бақауов қонақтар мен қатысушыларды конференцияның ашылуымен құттықтап, өңіріміздегі мерейтойлар аясында атқарылған істерге тоқталды.
- Аймағымызда дәстүрге айналған «ҰЛЫ ДАЛА» фестивалі аясында өңірімізден шыққан белгілі тұлғаларға арналған халықаралық конференцияға қош келдіңіздер, - Бабаларымыз қалдырған асыл мұралар Павлодар үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін баға жетпес қазына деп білемін. Биыл біз мерейтойларды өткізу барысында бірқатар маңызды істерді атқардық. Атап айтар болсақ, Баянауыл ауданының Теңдік ауылында Мұса Шорманның кесенесі бой көтеруде. Ақтоғай ауылында Естай Беркімбайұлының кесенесіне жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тас жолдар салу жүзеге асуда. Екібастұз қаласының өлкетану музейінде Естай Беркімбайұлына арналған жеке зал ашылды. Сонымен қатар, сол қаладағы балалар музыка мектебіне Естайдың аты берілді. Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы цифрландырылып, халыққа таратылды. Осы жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы музей күрделі жөндеуден өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ақынның туған ауылында жарықтандыру, жол жөндеу, көркейту сынды жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, мерейтой иелеріне арналған ақындар айтысы, мүшәйра, жыршылар байқауы сынды республикалық бірқатар шаралар өткізілді. Осының барлығы рухани бағытта және бабаларымыздың мұраларын ұрпаққа жеткізу жолында жасалып жатыр. Өйткені рухани байлығымыздың кең болғаны баршамызға маңызды. Бүгінгі конференцияға алыс-жақыннан келген барша қонақтарға алғысымды білдіремін. Бәріңізге толайым табыс, істеріңізге сәттілік тілеймін! Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар конференция қатысушыларына бейне жазба арқылы құттықтауларын жолдады. Оның ішінде АҚШ-тың Индиана штаты Блумингтон қаласындағы университеттің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Фиерман Вильямм өз сәлемін қазақ тілінде жеткізді», - деді Болат Бақауов.
Айта кетейік, «ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ: ТАРИХ, ТҰЛҒА, ТАҒЫЛЫМ» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына АҚШ, Венгрия, Ресей, Моңғолия, Литва, Украина және Қазақстаннан 130-дан астам мақала келіп түскен. Конференцияға 1000-ға жуық адам қатысуда.