Айыптаулар 1996 жылы гуманитарлық ұйымға тиесілі екі ұшақтың атып түсірілуіне байланысты қозғалған іс аясында жарияланды. Сол кезде төрт адам қаза тапқан.
АҚШ-тың бас прокуроры міндетін атқарушы Тодд Бланш Майамиде өткен баспасөз мәслихатында Рауль Кастро азаматтарды өлтіру мақсатындағы сөз байласуға қатысы бар деп айыпталып отырғанын айтты.
– Біз оның өз еркімен келуін немесе басқа жолмен жеткізіліп, түрмеге қамалуын күтеміз, – деді Тодд Бланш.
BBC мәліметінше, 1996 жылы Куба жойғыш ұшақтары Brothers to the Rescue гуманитарлық ұйымының екі ұшағын атып түсірген. Ол кезде Рауль Кастро Кубаның қарулы күштер министрі қызметін атқарған.
АҚШ тарапы оны ұшақтарды жою және төрт адамды өлтіру ісіне қатысы бар деп айыптап отыр.
Сонымен қатар айып Кубаның тағы бес азаматына, оның ішінде аталған ұшақтарды атып түсірген әскери әуе күштерінің ұшқыштарына да тағылған.
Егер кінәсі дәлелденсе, Рауль Кастро өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Куба президенті Мигель Диас-Канель X әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұл айыптауларды «абсурд» және «саяси астары бар» деп атады.
– Бұл – ешқандай құқықтық негізі жоқ саяси шешім. Оның мақсаты – АҚШ-тың Кубаға қарсы әскери әрекетін ақтау үшін қолдан жасалған айыптар қорын толықтыру, – деп жазды ол.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп үкіметтің шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Алайда ол жағдайды ушықтыру қажет емес екенін айтты.
– Бұл өте маңызды сәт болды деп есептеймін. Бірақ шиеленіс күшеймейді. Меніңше, бұған қажеттілік жоқ, – деді Трамп журналистерге.
Айта кетейік, бұған дейін Пентагон Кубаға қатысты ықтимал әскери операцияға дайындалып жатқаны хабарланған болатын.