АҚШ Ресей мен Қазақстан және Беларус арасындағы Кедендік одақтың құрылуынан еш қауіп көрмейді - Ричард Хоугланд

None
; АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 12-13 күндері Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі бүкіләлемдік саммитке қатысып, АҚШ президенті Барак Обамамен кездеседі. Бұл туралы бүгін Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд мәлім етті,

дейді ҚазАқпарат.

Кездесу барысында АҚШ Елшісі Кедендік одақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы, Қазақстандағы демократия мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді. «АҚШ Ресей мен Қазақстан және Беларус арасындағы Кедендік одақтың құрылуынан еш қауіп көрмейді. Бұны КСРО-ны қайта құруға талпыныс деп те санамайды. Кеден одағының үлгісі әлемде кең тараған. Кез-келген мемлекет экономикалық әріптесті өзі таңдайды. Кеден одағы әлі құрылу үстінде. Бұнда әлі де шешімін табуы тиіс бірқатар маңызды мәселелер бар. Қазақстанның Кедендік одаққа кіруі Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне еш кедергі келтірмейді деп ойламын. Жалпы алғанда, Кедендік одақ түрінде ДСҰ-ға кіру қаралмаған. Сондықтан Астана, Мәскеу мен Минск ДСҰ-ға кіру туралы келіссөздерді жеке мемлекет ретінде жалғастыруда», деді АҚШ Елшісі Кеден одағының құрылуы туралы. Ол сондай-ақ өз сөзінде Қазақстанның дағдарыспен күрес үлгісін өте тиімді деп атап өтті. «Қазақстан дағдарыс уақытында экономиканы оңтайландырудың өте дұрыс үлгісін көрсетті. Дағдарыстан соң экономиканы дамытуды аграрлық сала мен өндіріске басты назар аударуы да құптарлық іс», деді Р.Хоугланд. Ал Қазақстандағы демократия тұрғысында АҚШ елшісі Римнің бірден салынбағанын мысалға алды. «Қазақстан жас мемлекет, сондықтан батыс мемлекеттерінде бар демократияны талап ету орынсыз. Әлемнің бірде-бір елінде толыққанды демократия орнықты деп айтуға болмайды. Демократия әр елде әртүрлі бағытта көрініс табуда», деді АҚШ Елшісі.