АҚШ Ресей мұнайына қатысты санкцияларды жұмсартуды қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлемдік энергия бағасының өсуін тежеу үшін Ресей мұнайына қарсы санкцияларды одан әрі жұмсарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі үш хабардар дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Depositphotos.com/xyz fotos

Агенттіктің жазуынша, мұндай қадам АҚШ-тың Мәскеуді мұнай сатудан түсетін табыстан айыруға бағытталған күш-жігерін күрделендіруі мүмкін. Себебі дәл осы табыс Ресейге Украинадағы соғысты қаржыландыруға көмектесіп отыр.

АҚШ билігі мұндай шешімді әлемдік мұнай нарығындағы жағдайдың күрт шиеленісуімен байланыстырып отыр. Соңғы уақытта Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан мұнай жеткізу тізбектері бұзылып, әлемдік бағалар айтарлықтай өсті. Кейбір бағалаулар бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асып кеткен.

Ақ үй бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Соның ішінде Ресей мұнайына қатысты кейбір санкцияларды уақытша жұмсарту, сондай-ақ мұнай нарығындағы тапшылықты азайту үшін АҚШ-тың стратегиялық мұнай қорынан шикізат шығару мүмкіндігі де бар.

Бұған дейін АҚШ билігі санкцияларды ішінара жеңілдету аясында теңізде тұрып қалған ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша рұқсат берген. Мысалы, Үндістанға бағытталған мұнай партияларын сатуға 30 күндік жеңілдік берілген.

Алайда сарапшылардың айтуынша, санкцияларды әлсірету Вашингтонның Ресейдің мұнайдан түсетін табысын азайту арқылы Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеу стратегиясына қайшы келуі мүмкін.

Еске сала кетейік, кеше Владимир Путин Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті.

Ал Франция Таяу Шығыстағы одақтастарын қолдау мақсатында шамамен онға жуық әскери-теңіз кемесін, соның ішінде ұшақ тасығыш кемелер тобын Жерорта теңізіне, Қызыл теңізге және қажет болған жағдайда Ормуз бұғазына жіберуі мүмкін. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді.