АҚШ сарапшысы: Астана процесі - бұл жаңа бірегей формат

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Jamestown Foundation» (АҚШ) сарапшысы Джейкоб Зенн Астана процесін жаңа бірегей формат деп атады.

«Мен Қазақстанды мұндай келіссөздер жүргізу үшін бірегей ел деп санаймын. Өйткені, үстел басында бас қосатын барлық ірі халықаралық державалармен жақсы қарым-қатынасқа ие. Қазақстан Құрама Штаттармен мығым қарым-қатынасқа және сеніміне ие. Қазақстан Ресейді тілдік, тарихи және дипломатиялық қарым-қатынаста да түсінеді. Қазақстан Иранмен де жақсы қарым-қатынаста. Иранмен арада ешқандай проблемасы жоқ. Тіпті, соңғы 3 жыл бойы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер өткізу алаңы да болды. Қазақстан мен Түркия арасында өте жақсы тарихи және мәдени өзара түсіністік бар және елдер жақсы қарым-қатынаста.

Мұнан бөлек, көтерілісшілер фракциясының бірде-бірінің Қазақстанға наразылығы жоқ. Қазақстан Сирия соғысы барысына араласқан емес. Бұл тұрғыда Қазақстан бейтарап мемлекет саналады. Сондықтан қандай да бір ел келіссөздерді өзінде өткізуі үшін қауіпсіз әрі бейтарап болуы қажет. Ал Қазақстан бұл талаптардың бәріне сай келеді.

Демек, Астана процесі - бұл жаңа бірегей формат. Бұған қоса, Қазақстан көптеген маңызды, әсіресе, өте сезімтал ядролық проблемалармен байланысты келіссөздерге тартылған. Сондықтан да елдің мұндай келіссөздер өткізуге тәжірибесі жеткілікті деп санаймын», - деді Джейкоб Зенн.