АҚШ Сауд Арабиясына 24,3 млрд долларға 48 жойғыш ұшақ сатпақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әкімшілігі Сауд Арабиясына F-35 Lightning II Joint Strike Fighter жойғыш ұшақтарын және оларға қажетті жабдықтарды 24,3 млрд долларға сату туралы келісімге келді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Фото: Pixabay

Әңгіме 48 жойғыш ұшақ туралы болып отыр. АҚШ әр ұшаққа Pratt & Whitney F135-PW-100 қозғалтқышын береді. Сонымен қатар тағы бір қосалқы қозғалтқыш жеткізіледі. Бұдан бөлек, қорғалған байланыс, навигация және шифрлау жүйелері ұсынылады.

АҚШ билігінің мәліметінше, бұл келісім НАТО құрамына кірмейтін негізгі одақтастардың бірінің қауіпсіздігін нығайту арқылы АҚШ-тың сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Пентагон өкілдері атап өткендей, ұсынылып отырған келісім Сауд Арабиясының қорғаныс қабілетін күшейтіп, АҚШ Қарулы күштерімен, сондай-ақ өңірдегі және НАТО елдерінің әскери күштерімен жедел үйлесімділігін арттыру арқылы қазіргі және болашақ қауіп-қатерлерді тежеу мүмкіндігін кеңейтеді.

АҚШ әкімшілігінің мәлімдеуінше, жойғыш ұшақтарды сату өңірдегі әскери тепе-теңдікті өзгертпейді және АҚШ Қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігіне кері әсер етпейді.

Бұған дейін The New York Times газеті АҚШ барлау қызметінің Сауд Арабиясына бесінші буындағы F-35 жойғыш ұшақтарын сатқан жағдайда Қытай америкалық технологияларға қол жеткізуі мүмкін деген алаңдаушылығын жазған.

Басылымның мәліметінше, америкалық барлау сарапшылары Қытай Сауд Арабиясындағы «тыңшылық» арқылы немесе Эр-Риядпен әскери әріптестік аясында F-35 технологияларына қол жеткізуі мүмкін деп есептейді.

Айта кетейік, Пентагон Иранмен қақтығыс салдарынан оқ-дәрі тапшылығы барын мойындағанын жаздық.