Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жарияланған.
— Йемен хуситтері Сауд Арабиясына қарсы әскери әрекеттер жүргізіп, азаматтық әуежайлар мен аса маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы беріп жатыр. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, көлік қатынасы едәуір бұзылған. Қақтығыс аймағынан тыс жерлерде де жағдайдың тез ушығу қаупі бар, — делінген ведомство хабарламасында.
Мемлекеттік департамент дипломаттардың корольдіктегі кез келген әуежайды пайдалануына миссия басшысының арнайы рұқсаты қажет екенін ескертті. Бұған Сауд Арабиясындағы әуежайларға зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған соңғы шабуылдар себеп болған.
— АҚШ азаматтары әуежайларға шабуыл жасалуы, әуе кеңістігінің жабылуы, рейстердің тоқтатылуы және көлік қатынасының бұзылуы мүмкін екенін ескергені жөн, — деп хабарлады сыртқы саяси ведомство.
Сонымен қатар АҚШ билігі өз азаматтарына Сауд Арабиясында зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттарына, сондай-ақ олардың құлаған жерлеріне қатысты ақпаратты фотоға түсіруге, жариялауға және таратуға тыйым салынатынын еске салды.
— Бұл талаптарды бұзғаны үшін, соның ішінде мемлекеттік ғимараттарды, әуежайларды және зымырандар мен дрондардың құлаған жерлерін суретке түсіргені үшін АҚШ азаматтары ұсталды, — деп мәлімдеді Мемлекеттік департамент.
Айта кетейік, АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Иран соғысы туралы құпия ақпараттың таралуына қатысты генералды қызметінен шеттетті.