АҚШ Сауда палатасы: Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары мәртебесін беру бастамасын қолдайды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ол бұл туралы Астанада өткен Қазақстан — АҚШ бизнес дөңгелек үстелінде айтты.

— АҚШ компаниялары Қазақстандағы ең ірі инвесторлар базасын құрайды. Олар әртараптандырылған экономиканың өсіп келе жатқан бөлігіне айналып отыр, — деді Хуш Чокси.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, америкалық компаниялар Қазақстанда цифрлық технологиялар, қаржы, дәстүрлі және жаңа энергетика, құрылыс, инфрақұрылым, азық-түлік, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істеп жатыр.

Хуш Чокси екіжақты сауда көлемі 5 млрд долларға жеткенін, ал АҚШ-тың Қазақстанға салған жиынтық инвестициясы 100 млрд доллардан асқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді.

— Біз АҚШ Конгресінде Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою және Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары мәртебесін беру жөніндегі екі партиялық бастаманы қолдауды жалғастырамыз, — деді АҚШ Сауда палатасының өкілі.

Ол сондай-ақ АҚШ бизнесі Орта дәліздің маңызы артып келе жатқанын оң бағалайтынын және бұл бағыттағы жұмыстың жалғасуына мүдделі екенін жеткізді.

Хуш Чоксидің айтуынша, АҚШ Сауда палатасы Қазақстан Үкіметімен, жеке сектормен және америкалық компаниялармен әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті.