АҚШ «Синалоа» картелі туралы ақпарат үшін 10 млн доллар береді
АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ Мемлекеттік департаменті Мексиканың Баха-Калифорния-Сур штатындағы «Синалоа» картелінің жетекшісі болуы ықтимал екі адамды ұстауға немесе қамауға алуға көмектесетін ақпарат бергендерге 10 млн АҚШ долларына дейін сыйақы төленетінін жариялады.
Бұл туралы Анадолы жазды.
Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Рене Арсате Гарсия мен Альфонсо Арсате Гарсия туралы ақпарат үшін әрқайсысына 5 млн долларға дейін сыйақы қарастырылған.
Соңғы 15 жылда бұл екеуі «Синалоа» картелінің атынан АҚШ-пен шекарадағы Тихуана қаласын бірлесіп бақылап, ұйым қызметін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарғаны атап өтіледі.
Сыйақы ұсыну туралы шешім United States Department of Justice Рене Арсате Гарсияға «есірткі тероризмі, тұрақты қылмыстық ұйымды басқару, шетелдік террористік ұйымға материалдық қолдау көрсету, есірткі тарату мақсатындағы халықаралық сөз байласу және ақшаны жылыстату» баптары бойынша жаңа айып таққаннан кейін қабылданған.
2024 жылғы шілдеде «Эль Майо» лақап атымен белгілі Исмаэль Замбада Гарсия ұсталғаннан кейін ұйым екі топқа бөлінді: бірін бұрынғы наркобарон Хоакин Гусман («Эль Чапо») мұрагерлері, екіншісін Эль Майоның жақтастары бақылауға алған.
Билік үшін күрес өңірде кісі өлтіру, қарулы шабуылдар мен адам ұрлау оқиғаларының артуына әкелді: 2025 жылы штатта 1654 кісі өлтіру және 2320 адам ұрлау дерегі тіркелген, 1445 адам хабар-ошарсыз кеткен.
АҚШ билігі «Синалоа» картелін жыл сайын 100 мың америкалықтың өліміне әкелетін синтетикалық фентанил есірткісінің негізгі жеткізушілерінің бірі деп айыптайды.
Осыған дейін АҚШ-тың құрлықтағы есірткі картельдерімен күрес жүргізе бастайтыны туралы жаздық.