АҚШ Сирияны терроризмді қолдайтын елдер тізімінен шығаруды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске Сирияны терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізімінен шығару ниеті туралы хабарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ағылшын редакциясы.

Фото: Ақ үй

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, шешім міндетті 45 күндік алдын ала хабарлау мерзімі аяқталғаннан кейін күшіне енуі мүмкін және Вашингтон мен Дамаск арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ.

– Бүгін президент Трамп Конгреске әкімшілігінің Сирияны терроризмді қолдайтын мемлекет мәртебесінен шығару ниеті туралы хабарлады. Бұл – президент Трамптың сириялықтарға жаңа болашаққа мүмкіндік беретін тағы бір тарихи қадамы, – деді Рубио.

Оның сөзінше, Сирияны тізімнен шығару бірқатар шектеулерді алып тастауға, халықаралық сауда мен инвестиция тартуға, елді қалпына келтіру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

– Тұрақты әрі біртұтас, өзімен және көршілерімен бейбіт өмір сүретін Сирия тек өңірдің ғана емес, бүкіл әлемнің мүддесіне сай келеді, – деді мемлекеттік хатшы.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, бұл шешім Дональд Трамптың 2025 жылғы 30 маусымдағы Сирияға қатысты санкцияларды жеңілдету туралы жарлығының жалғасы болып отыр.

Вашингтон Сирия президенті Ахмед аш-Шараа бастаған үкіметтің терроризмге қарсы қабылдаған шараларын, сондай-ақ Дамасктің халықаралық террористік ұйымдарға қолдау көрсетуді тоқтату жөніндегі ресми кепілдіктерін ескерген.

Бұған дейін Трамп Анкарада өткен НАТО саммиті аясында Ахмед аш-Шараамен кездескен болатын. Журналистердің Сирияны аталған тізімнен шығару мүмкіндігі туралы сұрағына АҚШ президенті: «Менің ойымша, иә. Неге болмасқа? Ол керемет жұмыс атқарды», – деп жауап берген.

Сирия АҚШ-тың терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізімінде 1979 жылдан бері тұр. Бұл мәртебе америкалық көмек көрсетуге, қаржылық операциялар мен инвестицияларға бірқатар шектеу қояды.

Шешім АҚШ Конгресіндегі міндетті қарау кезеңінен кейін күшіне енеді.

Айта кетейік, Макрон билік ауысқаннан бері Сирияға барған ЕО-дағы алғашқы мемлекет басшысы болды.