АҚШ Сочи Олимпиадасында химиялық шабуылдың орын алу мүмкіндігіне алаңдаулы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вашингтонда өткен конференция барысында лаңкестікке қарсы тұру саласындағы американдық сарапшылар Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қауіпсіздік мәселесіне қатысты жаңа проблемаларды көтерді.

Олар Олимпиада қатысушылары мен қонақтарына қарсы исламшыл содырлар тарапынан газ шабуылы орын алу мүмкіндігіне алаңдаушылық танытуда, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Сарапшылардың атап өтуінше, қысқы ойындар қарсаңында ресейлік билік Қара теңіз жағалауындағы Сочи қаласындағы қауіпсіздік қызметкерлері санын бірнеше мыңға жеткізіп, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар сатып алды. Жалпы қауіпсіздік қамтамасыз ету шараларына шамамен екі млрд. доллар қаржы жұмсалды.

Содырлардың Сочи Олимпиадасында химиялық қаруды қолдануы мүмкін екендігін Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының лаңкестікпен күрес жөніндегі сарапшысы Гордон Хан мәлім еткен болатын. «Шын мәнінде содырларда химиялық қару болуы мүмкін», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Сириядағы азаматтық соғысқа Солтүстік Кавказдан исламшыл содырлардың екі тобы қатысуда. Міне, осылар Сирия үкіметінің қару-жарақ қоймасынан ұрланған химиялық қаруға иелік етулері әрі оны Сочи Олимпиадасында пайдалану үшін Ресейге жөнелтуі мүмкін.