АҚШ Сомалиге әуеден соққы жасады

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше АҚШ армиясы «Әл-Каида» халықаралық лаңкестік желісі мен «Аш-Шабаб» сомалилік топпен байланысты деген күдікке ілінген топтардың бірінің далалық командирінің көзін жою мақсатында Сомали аумағына зымыранмен соққы жасады.

Бұл жайында шетелдік БАҚ АҚШ Әуе күштеріндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауда.

Олардың мәліметінше, соққы Сомалидің оңтүстік ауданына жасалған. Операция туралы және оның нәтижелеріне қатысты еш ақпарат жоқ.

Айта кетейік, 1991 жылы Сиад Барренің диктаторлық режімі құлатылғаннан кейін Сомали тұтас республика ретінде тіршілік етуін тоқтатқан болатын. Халықаралық қоғамдастық елдегі заңды билік ретінде мемлекеттің астанасы Могадишо мен оның төңірегіндегі бірқатар аудандарды иелігіне алып отырған федералды үкіметті ғана мойындайды. Сомалидің қалған бөлігі мойындалмаған мемлекеттік құрылым немесе өзін өзі басқаратын аумақ болып есептелінеді.