АҚШ соты Huawei компаниясын өнеркәсіптік тыңшылық жасады деп таныды

АСТАНА. KAZINFORM — Бруклиндегі федералдық округтік сот Қытайдың телекоммуникациялық Huawei компаниясын коммерциялық құпияны ұрлау және АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларын айналып өтуге қатысты қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды. Бұл туралы DW басылымы жазды.

Фото: Huawei

Сот процесі 11 аптаға созылып, алқабилердің кеңесуіне тағы бір апта қажет болған. Нәтижесінде компания тағылған 12 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп танылды. Олардың қатарында банктік алаяқтық, коммерциялық құпияны ұрлау мақсатындағы сөз байласу және АҚШ-қа қарсы алаяқтық әрекеттер бар.

Сонымен қатар алқабилер Huawei компаниясын қылмыстық әрекет жасау мақсатындағы сөз байласу және сот төрелігіне кедергі келтіру айыптары бойынша ақтады.

Прокуратураның мәліметінше, Huawei басшылығы қызметкерлерін америкалық және басқа да компаниялардың зияткерлік меншігін ұрлауға итермелеген. Зардап шеккен кәсіпорындардың қатарында T-Mobile, Cisco және өзге де компаниялар бар.

Айыптау тарапының мәлімдеуінше, ұрланған ақпарат Қытай компаниясына соған ұқсас өнімдер жасап, оларды нарықтағыдан төмен бағамен сатуға мүмкіндік берген.

Huawei соттың айыптау үкімін негізсіз деп атап, қажетті құқықтық шараларды қабылдайтынын мәлімдеді. Компанияның адвокаты сот шешіміне шағым түсіретінін хабарлады.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері АҚШ-та Huawei компаниясына қатысты шектеулер күшінде. Батыс елдерінің арнайы қызметтері де компанияның телекоммуникациялық жабдықтары Қытайдың мүддесі үшін тыңшылық жасауға пайдаланылуы мүмкін деп күдіктенеді. Алайда Huawei бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда Nvidia компаниясының жасанды интеллект чиптерінің сатылымы АҚШ-тың экспорттық шектеулері мен жергілікті өндіруші Huawei-дің өсуіне байланысты айтарлықтай төмендегенін хабарлағанбыз.