АҚШ соты студенттер мен журналистердің виза шектеулерін жойды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ федерал судьясы Трамп әкімшілігінің шетелдік студенттер мен журналистердің елде болу мерзімін күрт шектеген шешімінің күшін жойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі France 24 арнасына сілтеме жасап.

Фото: roscult.org

Судья Деннис Сэйлор істі тоқтату туралы бұйрығында визалық шектеуді «қыңыр, өкілеттігін теріс пайдалану және жалпы заңға қайшы» саясат деп мәлімдеді.

Жаңа виза ережелері қыркүйек айында күшіне енуі керек еді, бірақ Сэйлор оларды уақытша тоқтатты. Трамп әкімшілігі жоғары инстанциядағы сотқа шағымданды.

Судья университеттерді, оқытушыларды және журналистерді біріктіретін кәсіподақтар коалициясының АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарсы шағымы негізінде шешім шығарған.

Сэйлор өз шешімінде негізінен жаңа виза саясатының халықаралық студенттерге әсеріне назар аударды. Ол бұл саясат «халықаралық студенттердің докторантура бағдарламалары сияқты ұзақ уақыт бойы елде оқуына тосқауыл болады; оларға қос диплом алуына мүмкіндік бермейді (және) академиялық мамандықтарын өзгертуге тыйым салады» деді.

Ұсынылып отырған жаңа ережелерге сәйкес, студенттік визасы бар шетелдіктерге елде ең көбі төрт жыл тұруға рұқсат етіледі, содан кейін олар виза мерзімін ұзартуға өтініш беруі керек. Бұрын халықаралық студенттерге оқу мерзімінің барлық кезеңінде елде тұруға рұқсат етілетін.

Шетелдік журналистердің елде 240 күннен немесе шамамен сегіз айдан аспайтын мерзімге тұруына рұқсат етіледі және сол мерзімге тұру мерзімін ұзартуға өтініш бере алады. Бұрын олар елде бес жылға дейін тұра алатын.

Қытайлық журналистерге елде 90 күннен аспайтын мерзімге тұруға рұқсат етіледі, қосымша тағы 90 күнге ұзарту мүмкіндігі беріледі.

Бұрын АҚШ-тағы халықаралық студенттер саны 15%-ға азайғаны туралы хабарланған болатын, бұл ел экономикасына елеулі қаржылық қиындық әкелуі мүмкін.