АҚШ соты «Титаниктен» алынған 361 жәдігердің сатылуына тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың федералдық соты 1912 жылы Атлант мұхитында суға батқан «Титаник» кемесінің қалдықтарынан көтерілген 361 затты сатуға салынған тыйымды ұзартты. Бұл туралы BILD басылымы жазды.

Фото: Atlantic Productions/Magellan

Мұндай шешімді федералдық судья Ребекка Бич Смит қабылдады. Аукционға қойылуы жоспарланған жәдігерлердің арасында қоладан жасалған періште мүсіні, кеме қоңырауы, бірінші кластағы жолаушыларға арналған ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар мен жолаушылардың жеке заттары бар.

Жәдігерлер топтамасын сатуды лайнердің апатқа ұшыраған орнынан заттарды көтеру құқығына ие R.M.S. Titanic Inc. компаниясы жоспарлаған. Қазір оның қорында 5,5 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың құны 2007 жылы-ақ 189 миллион долларға (шамамен 86 млрд теңге) бағаланған.

Даулы 361 зат «Француз коллекциясына» жатады. Олар 1987 жылы Франция мен АҚШ бірлесіп ұйымдастырған экспедиция кезінде шамамен 3 800 метр тереңдіктен көтерілген.

Компания жәдігерлерді сатуға қаржылық қиындықтарды себеп еткен. Алайда судья ұсынылған дәлелдерге күмән келтіріп, аукцион өткізуге бұрын енгізілген тыйымды ұзартты.

Коллекцияны сақтау жөніндегі қолданыстағы талаптарға сәйкес, суға батқан кемеден алынған заттар бір жерде сақталып, көрме және білім беру мақсатында көпшілікке қолжетімді болуы керек.

Ал R.M.S. Titanic Inc. компаниясы Францияның қатысуымен көтерілген жәдігерлерге қатысты АҚШ сотының юрисдикциясы жоқ деп есептейді.

Коллекцияны сатуға АҚШ пен Франция үкіметтері де қарсы шықты.

Еске салайық, бұған дейін «Титаник» кемесі апатынан аман қалған жолаушы Лора Мейбл Франкателлиге тиесілі құтқару жилеті аукционда коллекционерге 670 мың фунт стерлингке сатылғанын жазған едік.