АҚШ соты Трамптың университеттерге қаржылай шектеуін заңсыз деп таныды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Бостон қаласындағы сот Дональд Трамптың университеттерге Ұлттық ғылыми қордан (NSF) төлемдерді шектеу саясатын заңсыз деп таныды, деп жазды DW.
Массачусетс штатының федералды округтік сотының судьясы Индира Талвани биыл мамырда қабылданған Ұлттық ғылыми қорының саясатын жарамсыз деп тапты. Бұл саясат университеттерге гранттық зерттеулерге жанама қатысы бар әкімшілік және материалдық шығындар үшін өтемақы алу мүмкіндігін шектейтін еді. Бұл туралы 20 маусым күні Reuters және Bloomberg агенттіктері хабарлады.
Осы шешім арқылы сот АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің университеттерге мемлекеттік қолдауды қысқарту әрекетіне тағы бір заңды тосқауыл қойды. Судья Талвани Трамп үкіметінің бұл әрекетін «еркін және негізсіз» деп атады.
Бұған дейін NSF республикашыл әкімшіліктің басымдықтарына сәйкес келмейтін жүздеген грантты тоқтатқан. Сондай-ақ, Гарвард секілді беделді университеттерге миллиардтаған доллар мемлекеттік қаржыландыруды төлемеу туралы шешім қабылданған еді.
Сот Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қайта қабылдауға рұқсат берді
Бұған дейін Бостондағы федералды сот Трамптың Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу шешімін белгісіз мерзімге тоқтатқан. Мұндай үкімді 29 мамырда бұрынғы президент Барак Обама тағайындаған судья Эллисон Берроуз шығарған. Ол бұл шешім «қалыптасқан жағдайды сақтауға көмектеседі» деп мәлімдеген.
20 маусымда Берроуз бұл уақытша тыйымның мерзімін тағы да ұзартты.
Politico: АҚШ-та студенттік визалар бойынша сұхбаттар тоқтатылуы мүмкін
Мамыр айының соңында Politico басылымы Трамп әкімшілігінің студенттік виза алу үшін жаңа сұхбаттарды уақытша тоқтату туралы бұйрық бергенін жазды. Басылымның дерегінше, АҚШ билігі студенттік виза алғысы келетін үміткерлердің әлеуметтік желілерін кеңінен тексеру мүмкіндігін қарастырмақ.
Politico мәліметі бойынша, бұл шаралар — АҚШ-қа оқуға келгісі келетін барлық үміткерлердің әлеуметтік желі аккаунттарын міндетті түрде тексеруге бағытталған «айтарлықтай кеңейтілген» шаралар болмақ.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио тиісті құжатқа қол қойған деп көрсетілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гарвард университеті Дональд Трамп әкімшілігінің оған шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салу шешіміне қарсы шыққан еді. Елдің ең көне және ең беделді университетінің әкімшілігі жұма күні Ұлттық қауіпсіздік министрлігі шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырғаны туралы мәлімет жарияланған соң 24 сағаттан кейін Трамп әкімшілігіне қарсы сотқа шағым түсірді.
Трамп Гарвард университетінің аузынан жырған қаржыны кәсіптік мектептерге бермекші екені айтылды.
Бүгінгі таңда Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвардта 7 адам білім алып жатыр.