АҚШ-та 14 жасар жасөспірім әкесін, апайын атып өлтірді және әжесін жаралады

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ-та кезекті қанды оқиға орын алды. 14 жасар жасөспірім әкесін, апайын атып өлтіріп, әжесін жарақаттады, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.

Жасөспірім әлгі қылмыстарды туған күніне әкесі тарту еткен мылтықпен жасаған. Оқиға Оңтүстік Каролина штатында орын алып отыр. Әзірге бұл келеңсіз жағдай туралы басқа ақпарат жоқ.

Ал Калифорния штатында, Лос-Анжелес қаласының іргесіндегі Гарден елді мекеніндегі мектепте жасөспірім оқушының қатысуымен осыған ұқсас оқиға болғанын ақпарат көздері бұған дейін хабарлаған болатын. Оның салдарынан екі адам зардап шеккен. Екі оқушының жаралануына себеп болған күдікті тұтқындалған.

Полицияның ақпараты бойынша мылтықты мектепке оқушылардың бірі рюкзагына салып әкелген.

Лос-Анжелес полициясы шефінің орынбасары Патрик Гэннонның нақтылауынша, әлгі жасөспірім рюкзагын партаның үстіне лақтыра салған кезде, қару атылып кеткен. Зардап шеккендер - 15 жастағы жасөспірімдер. Басынан жарақат алған қыз баланың жағдайы ауыр, дейді тәртіп сақшылары.