АҚШ-та 2 мыңнан астам геймер әуе диспетчері қызметіне қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) биыл әуе диспетчерлерін жұмысқа қабылдау науқаны аясында 2 мыңнан астам маманды қызметке алды. Ведомство кадр тарту үшін компьютерлік ойын әуесқойларына арнайы назар аударды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап.

Фото: Aviation Today

FAA геймерлерді жұмысқа тартқаннан кейін әуе диспетчерлерін қабылдау жоспарының басым бөлігін орындады.

АҚШ көлік министрі Шон Даффи ведомство геймерлер арасынан маман тарту жоспарының 94 пайызын орындағанын мәлімдеді.

-Біз авиация тарихындағы ең мықты әрі білікті кадрлар құрамын қалыптастырып жатырмыз, – деп жазды Шон Даффи жаңа мемлекеттік қызметкерлер тобына арналған Facebook-тегі жазбасында.

FAA мәліметінше, белсенді геймерлер көп міндетті қатар орындау, кеңістікті бағдарлау және мәселелерді шешу сияқты жоғары когнитивтік қабілеттерін көрсете алады.

Ведомствоның пайымдауынша, компьютерлік ойындар кезінде қалыптасатын дағдылар әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін.

2006 жылы жүргізілген зерттеу геймерлердің бірнеше нысанды бір уақытта бақылау қабілеті жоғары екенін көрсеткен.

2024 жылғы зерттеу бұл тұжырымды растады. Сонымен қатар геймерлердің назарды басқару қабілеті жақсы дамығаны анықталды.

-Геймерлердің шамамен 25 пайызында ғана дәстүрлі жоғары білім бар. Сондықтан бұл бастама балама кәсіби жолды таңдаған талантты жастарды тартуға бағытталған, – деп жазды АҚШ Федералдық авиация басқармасы геймерлерді жұмысқа тарту науқаны туралы.

Осыған дейін еліміздің авиация саласына қандай реформалар қажет екені туралы жаздық.