АҚШ-та 35 жыл бұрын ұрланған Страдиваридың скрипкасы табылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та 35 жыл бұрын белгілі поляк-американ музыканты және оқытушы Роман Тотенбергтен ұрланған Страдиваридың скрипкасы табылды. Музыкалық аспап бүгін скрипкашының қыздарына қайтарылады, деп хабарлады ТАСС Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

1734 жылы атақты итальяндық шебер Антонио Страдивари жасаған скрипка Тотенбергтің кабинетінен 1980 жылы американдық Кембридж қаласындағы музыка мектебінде ол берген концерттен кейін жоғалып кеткен болатын. Оқытушы аспаптың жоғалуына скрипканың қасында айналшықтап жүрген жас музыкант Филип Джонсоннан күдіктенген, бірақ та нақты дәлелі болмаған.

Джонсон 2011 жылы қайтыс болды, скрипканы арнайы қабына салып кілттеп, бұрынғы әйеліне беріп кеткен. Ол бірнеше жыл бойы оның кілт кодын біле алмай, биыл ғана ашып, оны бағалаушыға алып барған. Ал бағалаушы оны танып, сол бойда ФБҚ-ның ұрланған өнер шығармаларын іздеумен айналысатын бөліміне хабарлаған.

Бостон университетінің профессоры Роман Тотенберг 2012 жылы 101 жасында қайтыс болды. Оның үш қызының бірі Нина Тотенберг әкесінің ұрланған скрипканы көп сөз етпегенін айтады, өйткені музыкант үшін ол отбасының бір мүшесінен айырылумен бірдей еді.

Associated Press ақпаратына қарағанда Тотенбергтің қыздары Страдиваридың скрипкасын сатуға шығармақ, бірақ та бұл аспаптың онда ойнай алатын адамның қолына түскенін қалайды.