АҚШ-та 51-штат құру мәселесі талқыланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Иллинойс штатының бірқатар округі Чикагодан бөлек жаңа штат құру мәселесіне қызығушылық танытты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Фото: neighborhoodloans.com

Иллинойс штатындағы 102 округтің 33-і Чикаго орналасқан Кук округінен бөліну мәселесі бойынша міндетті күші жоқ референдум өткізді. Тағы 11 округ бұл мәселені алдағы аралық сайлауда дауысқа салмақ.

Illinois Separation науқанының мәліметінше, референдум өткізген 33 округтің барлығы Кук округін қоспай, АҚШ-тағы 51-штатты құруды қолдап дауыс берген.

Бөлінуді жақтаушылар штат билігі ауылдық аймақтардың мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмейді деп санайды. Олар Чикагоның Иллинойс саясатына ықпалын, демократтардың билігін және қылмыс деңгейінің жоғарылығын сынға алады. Illinois Separation ұйымының жетекшісі Лорет Ньюлиннің айтуынша, тұрғындар өз мүддесі ескерусіз қалып отыр деп есептейді.

Округтердің басым бөлігі республикашылдарды қолдағанымен, штат халқының көбі демократтар басым қалаларда тұрады. Кук округінде халықтың 41 пайызы, ал көршілес төрт ірі округте тағы 22 пайызы шоғырланған. Демократ губернатор Джей Притцкер бұл бастаманы саяси айла деп атап, штаттың бөлінбейтінін мәлімдеді.

Жаңа штат құру үшін алдымен Иллинойс заң шығарушы органының, кейін АҚШ Конгресінің мақұлдауы қажет. Штаттың заң шығарушы органының екі палатасында да демократтар басым болғандықтан, бұл бастаманың жүзеге асуы екіталай. Дегенмен оны қолдаушылар Батыс Вирджиния мен Мэн штаттарының құрылу тарихын мысалға келтіріп, мұндай қадамның мүмкін екенін алға тартады.

1960-1970 жылдары Иллинойс штатынан бөліну әрекеттері жасалып, 16 округ «Форготтония республикасын» құруды қолдады. Бастама жүзеге аспаса да, инфрақұрылым мен қаржы тапшылығына назар аударып, жолдарды жөндеуге, көпірлер салуға және теміржол қатынасын қалпына келтіруге ықпал етті.

Бұған дейін Трамп Канаданың АҚШ құрамына қосылатынына сенімді екенін мәлімдегенін хабарлаған едік.