АҚШ-та 55 жыл қашып жүрген 79 жастағы қылмыскер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Флорида штатының құқық қорғаушылары адам өлтіргені үшін сотталып, түрмеден қашқан және 55 жылдан астам уақыт соттан қашып жүрген ер адамды ұстады.

79 жастағы Фрэнк Фрешуотерс қасақана емес адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. 1957 жылы жаяу жүргіншіні көлікпен қағып кеткен оған шартты жаза тағайындалып, көлікті жүргізу құқығынан айырылған.

Кейін жүргізуші куәлігін қайта алған ол көлікті қайта жүргізе бастап, шартты түрде бостандыққа шығу талаптарын бұзды. Фрешуотерс жалпы режімдегі абақтыға жіберіліп, 1959 жылы одан қашып кеткен.

Түрмеден қашқан қылмыскер Флоридада тұрақтап, соңғы 20 жыл бойы трейлерде жалған атпен өмір сүрген. Полиция бақылау орнатып, саусақтарының таңбасын алған соң, шын есімін анықтап, қамауға алды, деп хабарлайды ВВС.