АҚШ-та 6 жасар бала мектеп директорына қол көтергені үшін қамауға алынды

АСТАНА. 27 сәуiр. ҚазАқпарат  -  Американың Индиана штатында мектеп директорының кабинетінде шу көтерген 6 жасар бала қамауға алынды. Бұл туралы  BNews.kz жазды.

Reuters агенттігінің хабарлағанындай, бала 18 сәуірде мектеп директорының кабинетінде шу көтергеннен кейін қамауға алынған екен. Кішкентай бұзақы жерге аунап, айқайлап, жылаған, сондай-ақ оны тыныштандырмақ болған мектеп директоры мен оның орынбасарын ұрғылап, өлтірем деп қорқытқан. Кішкентай балаға әлдері келмегеннен кейін ұстаздар полиция шақыртуға мәжбүр болыпты.

Лейтенант Майкл Тернердің (Michael Turner) айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет орын алып отырған жоқ. Тәртіп сақшылары жұмыс барысында кішкентай бұзақылармен жиі кездесетін көрінеді.

АҚШ-та алты жасар бала қамауға алынды деген ақпарат жаңалық болудан қалғалы қашан. Бұдан сәл ертерек БАҚ Джорджияда полицейлер алты жасар қыз баланы учаскеге қолына кісен салып жеткізгендерін хабарлады. Қаршадай қыз балабақшаның астан-кестеңін шығарған екен. Сол кезде қоғам баланың қолына кісен салынғанына наразылық білдірген болатын. Алайда тәртіп сақшылары әрбір тәртіп бұзған адам жасына қарамастан учаскеге кісен салынып жеткізілуі керек екенін алға тартты.