АҚШ-та адамның қаруды еркін алып жүруі кімге тиімді

Фото: Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Мұхиттың арғы бетіндегі Америкада қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар мен зорлық-зомбылықтың статистикасы азаймай отыр. Мұндай деректердің арасында бөлек санат ретінде жаппай атыс көрсетіледі. Биыл жыл басынан бері АҚШ-та осы санатқа жататын 400-ден астам оқиға тіркелген. Оқиғалардың көбеюіне не түрткі, мәселені қалай шешуге болады? Kazinform меншікті тілшісі осы сауалдар төңірегінде талдау жасап көрді.

Жаппай атыс статистикасы

2024 жылдың қаңтарынан 29 қыркүйекке дейінгі уақыт аралығында АҚШ-та атыстан 12 735 адам қаза тауып, 24 403 адам жарақат алған.

Фото: 2024 жылғы 1 қаңтардан 29 қыркүйекке дейін атыстан қаза тапқандар картасы/gunviolencearchive.org/past-tolls

2024 жылдың басынан бері 408 жаппай атыс тіркелді. Бұл ретте жаппай атыс деп 4 немесе одан да көп адам жарақат алған және қаза тапқан оқиға есептелетінін айта кетейік. Қыркүйектің өзінде ғана 24 штатта 34 жаппай атыс болыпты. Иллинойста бір айда төрт оқыс оқиға тіркелді. Ал Алабама, Нью-Йорк, Пенсильвания, Техас және Огайода үш жаппай атыс болды.

Фото: 2024 жылғы 1 қаңтардан 29 қыркүйекке дейінгі жаппай атыс картасы/gunviolencearchive.org/past-tolls

Қару қолдану арқылы жасалған зорлық-зомбылықтың статистикасына сәйкес, 2014 жылдан 2023 жылға дейін қайтыс болғандар саны 3,5 есеге, ал жараланғандар саны екі есеге (22 175-тен 36 547-ге дейін) артқан.

2014 жылдан 2023 жылға дейін жаппай атыс саны 272-ден 656-ға дейін, яғни 2,5 есеге өсті. Соның ішінде ең қауіпті шабуыл 2017 жылы Лас-Вегаста тіркелді. 50-ден астам адамның өмірі қиылып, 500 адам жарақат алды. Негізі жаппай атыстардың көбінде адам өлімі 10-нан артық болмайтын.

«Small Arms Survey» мәліметтері бойынша, 2018 жылы АҚШ-та 390 млн қару айналымда болған. Ал салыстыру үшін айтар болсақ, сол кезде халық саны 326,8 млн еді. Қару саны адам санынан артық. 6 жыл ішінде бұл көрсеткіштер тіпті көбейді. Тек 2019 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың сәуіріне дейін тағы 7,5 млн америкалық жаңа қару сатып алған.

Қаруды бақылауға алуды кімдер қолдайды

Америкалықтардың көбі қару-жарақты бақылауға алу керек деген ұстанымда. Америкалық Гэллап институтының дерегінше, сауалнамаға қатысқан америкалықтардың 56 пайызы қару-жарақ туралы заңдарды қатаңдатуды қаласа, 31 пайызы қазіргі заңдардың сақталуын көздейді. Қалған 12 пайызы барлық заңдарды қатаңдату керек деп есептейді.

Бұл мәселе саясатта да келіспеушіліктер туғызып отыр. Мәселен, демократтар мейлінше қару-жарақ туралы заңдардың қатаң болғанын қолдайды. Ал бұл пікірмен республикалық сайлаушылардың 24 пайызы, тәуелсіз сайлаушылардың 45 пайызы ғана келіскен.

Негізі қаруға қатысты заңдар штатқа байланысты ерекшеленеді. Мысалы, Миннесота, Вирджиния және Вашингтон штаты қаруды реттейді, бірақ оған тыйым салмайды. Ал 9 штат (Калифорния, Коннектикут, Делавэр, Гавайи, Иллинойс, Мэриленд, Массачусетс, Нью-Джерси, Нью-Йорк, Колумбия округі) пен АҚШ астанасында қарудан бірінші болып оқ атуға тыйым салынған.

Америкадағы қару-жарақ лоббиі

Ұлттық атыс қауымдастығы (NRA) – АҚШ-тағы ең ықпалды қару лоббисі. Оның қару-жараққа қатысты мәселеде Конгресс мүшелеріне ықпал ету үшін айтарлықтай бюджеті бар. Кей штаттар қару-жараққа қойылған шектеулердің біразын алып тастады. Мәселен, 2021 жылдың маусымында Техас және 2023 жылдың сәуірінде Джорджия тұрғындарына лицензиясыз немесе оқытусыз тапанша алып жүруге мүмкіндік беретін заңдар қабылданды.

Бұған дейін біз АҚШ азаматтарының атыс қаруына ие болу құқығы болғанына қарамастан, елдегі қауіпсіздік деңгейі төмен екенін атап өткен едік. Мысалы, 2023 жылы «Institute for Economics and Peace» халықаралық талдау орталығы «Global peace index 2023» зерттеуін жария етті. Әлемнің қауіпсіз елдерінің рейтингі бойынша, 163 мемлекеттің ішінен АҚШ 131-орында екенін көрсетті.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Вашингтондағы «The New Lines Institute for Strategy and Policy» еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің аға директоры Камар Бухаридің пікірінше, «Халықтың қолында қару-жарақ болуы керек пе, жоқ па?» деген мәселенің түйіні жоқ. Басты мәселе, демократтар мен республикашылдар арасында жүргізілетін саясаттың айырмашылығында. Сарапшының айтуынша, қару ұстауға құқық АҚШ Конституциясының екінші түзетуінде бекітілген. Заңнамалық деңгейде бірнәрсені өзгерту үшін Конгрессте 2/3 жеңіс дауысымен заң қабылдануы қажет. Оған республикашылдар мен демократтар арасындағы қарсылықтың салдарынан қол жеткізу мүмкін емес. Америкалық сарапшының сөзінше, қала және ауыл тұрғындары үшін қару-жарақ туралы заңдар әртүрлі болуы керек.

– Мәселе мынада, қалаларда полиция қызметкерлері көп жүреді. Сондықтан халыққа қуатты саналатын винтовкалар қажет емес. Алайда ауылдық жерлерде шериф пен оның көмекшілері ғана бар. Қылмыс болып жатса полицейлер тез жете алмайды, – деп түсіндірді Бухари.

Қару-жарақ бойынша кез келген шешім саяси ымыраға келуді талап етеді. Бірақ АҚШ-тағы елдің поляризациясы оған мүмкіндік берер емес.

– Проблема қару лоббиінде ғана емес, адамдардың сезімінде. Егер халық қоғамдық орындарда қаруды қолданбауды, зорлық-зомбылықты тоқтатуды қаласа, мәселе көтеріп, заңдарды қатаңдатуға себепкер бола алар еді. Бұндай кезде қару-жарақ лоббиінің де ықпалы болмай қалады, – дейді сарапшы.

Демек, елдегі қару-жарақ өндірісі мен саудасы қоғамның пікіріне байланысты өзгереді.

– Мәселе қару ұстауға рұқсат бар ма, жоқ па деуде емес, мәселе америкалықтардың қандай қаруы болуға тиіс екенінде, – деп баса айтты ол.

Камар Бухаридің пікірінше, құқық қорғау органдарының өкілдері онсыз да жеткілікті қалалық жерлерде азаматтарға қуатты винтовкаларды ұстатпау қажет. Негізгі міндет – өзін-өзі қорғау. Сондықтан қалалық жерлерде тұратын азаматтардың қару ұстауына шектеу енгізуге болар еді, алайда бұл бастама АҚШ Конституциясына қайшы келеді.

Тағы бір проблема – психологиялық ауруы бар адамдардың қару ұстауы. Бұл жағдайда қаруды сатып алуға, медициналық тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды қатаңдату қажет.