АҚШ-та әлемдегі ең ұзын балмұздақ дайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Мичиган штатындағы Нэшвилл кентінде Moo-ville Creamery компаниясы ең ұзын сандей (балмұздақ десерті) дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Рекордтық десерт 1110 метрге созылады. Оған 3200 литрден астам балмұздақ, шамамен 360 литр шоколадты сироп, 172 құты шайқалған кілегей және 7200 шие қолданылды, деп жазды Muskegon Chronicle. Тағамды 250-ге жуық ерікті бір жарым күн бойы дайындады.

Бір қызығы, үш ай бұрын Мичиган штатының Лудингтон қаласында ең ұзын балмұздақ дайындалған еді. Онда House of Flavors компаниясы 910 метрлік сандей әзірлеген болатын. Гиннестің рекордтар кітабының жыл сайынғы басылымы шыққанша Moo-ville Creamery компаниясы қарсыластарынан озып үлгерді. Сондықтан, олардың жетістігі ғана ресми түрде мойындалады. 

Фото: Tina Westendorp